Жамбыл облысында 3 ауданаралық аурухана ашылады

Жамбыл облысында 3 ауданаралық аурухана ашылады

Жамбыл облысында халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда орталық ауруханалар құрылысы мен 3 ауданда көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының  құжаттары әзірленуде. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстағы денсаулық сақтау  ұйымдарының тозу деңгейін төмендету мақсатында 3,3 млрд. теңгеге 20 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 1,7 млрд. теңгеге 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізуді және 1,5 млрд. теңгеге 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

Осы жұмыстардың нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы –  52,4 пайыздан 36,7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

- Қазіргі таңда саланың медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 91,9 пайызды құрайды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,4 млрд. теңгеге қажетті медициналық құралдар алып, жабдықталу деңгейін 96,6 пайызға жеткізетін боламыз.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес «Үздік тәжірибе орталығы» пилоттық жобасы облыстағы 5 денсаулық сақтау нысанында асып, оң нәтиже көрсетуде. Ағымдағы жылы осы жоба Қордай аудандық орталық ауруханасында және Шу қалалық емханасында да жүзеге асатын болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, бұл пилоттық жоба барлық өңірлерге енгізілуде,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында облыстағы Байзақ, Қордай, Жуалы орталық ауруханалар құрылысы мен Меркі, Шу, Талас көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының  құжаттары әзірленуде.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы ағымдағы жылы спорт саласына жергілікті бюджеттен 13,3 млрд. теңге қаржы бөлінгенін жеткізді.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 23 спорт нысанының құрылысы жүруде десек, жыл соңына дейін оның 16-сы қолданысқа берілмек.

- Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 129 елді мекенде заманауи спорт алаңшасын, ал, 2027 жылға дейін барлығы 59 спорт нысанын соғу межесін белгілеп отырмыз.

Бұл саладағы айрықша жетістік ретінде – жу ғана Өзбекстан Республикасында өткен байрақты бәсеке – бокстан әлем чемпионатында қос бірдей жерлесіміздің топ жарғанын мақтанышпен айтқым келеді. Әсіресе, 1999 жылы Америка Құрама Штаттарында өткен әлем чемпионатынан кейін араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергеновтың алтыннан алқа тағынуы жамбыл боксының мерейін үстем етті,-деді облыс әкімі.