Жамбыл облысында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1 трлн. 900 млрд. теңге болатын 60 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады

Жамбыл облысында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1 трлн. 900 млрд. теңге болатын 60 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады

Жамбыл облысында 2022 жылы жалпы өңірлік өнім 2 трлн. 749 млрд. теңгеге жеткен. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Облыс әкімінің  айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен өңірдегі экономикалық өсім 103 пайызды құрады.

«Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту десек, ағымдағы жылдың осы жылдың төрт айында өңірге 89,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 7,4 пайызға өскен.

Жалпы, биыл Жамбыл облысына 572 млрд. теңге инвестиция тартуды көзделуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 85,4 млрд. теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Ал, 2025 жылға дейін 1 трлн. 900 млрд. теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда»,-деді Нүржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, жуырда ғана Жамбылда өткен «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 млн. АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 млн. АҚШ долларына келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

Форумға дипломатиялық корпустың 20 өкілі қатысып, өзара ынтымақтастық бөлігінде келіссөздер жүргізді.

Форум шеңберінде екі кәсіпорын, бір демалыс орталығы өз жұмыс бастаса, бір зауыттың іргетасы қаланды. Бұдан бөлек, бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша 3, инфрақұрылым тарту 4, жер мәселесі 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапты.

Сондай-ақ, облыстың күн, жел және су арқылы электр станцияларын салуға әлеуеті өте жоғары десек, бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалардың іске асуы жоспарлануда. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren»,  Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf», қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниялары ауқымды жел электр станцияларын (1 ГВт) салуға ниет білдіріп отыр.