Облыс әкімі Еуропа қайта құру және даму банкінің басшылығымен кездесті

Облыс әкімі Еуропа қайта құру және даму банкінің басшылығымен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) басшылығымен кездесуінде несиелендірудің тетіктері және өңірдегі ауқымды жобалар туралы айтылды.

Басқосуда Еуропа қайта құру және даму банкінің тұрақты инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Бахтиёр Файзиев банктің елдегі үлесіне тоқталды.

Еуропа қайта құру және даму банкі энергетика және тұрғын-үй, табиғи ресурстар, телекоммуникация, өндіріс, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік, туризм, сауда, агробизнес сынды экономиканың негізгі секторларына қолдау көрсетуде. Соның ішінде жалпы қаржының 51 пайызы инфрақұрылымға 18 пайызы табиғи ресурстар және 17 пайызы энергетика саласына аударылған. Банк елдегі жетекші салаларға бас аяғы 295 келісім шарт жасаса, оның жалпы құны 9,6 миллиард евроға жеткен.

Жиында ЕҚДБ мен ҚР Үкіметі арасындағы әріптестікті күшейту туралы Келісім шеңберінде іске асып жатқан Тараз қаласын сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасының орындалуы талқыланып, Кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту бағдарламасы туралы жөнінде айтылды.

–  Еуропа қайта құру және даму банкінің «Жасыл қалалар» атты бағдарламасы қалаларды қолдауға бағытталған. Яғни, қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға жәрдемдеседі. Қазір осы бағдарламаға Еуразия мен  Солтүстік Африкадан 56 қала еніп отыр,–дейді Бахтиёр Файзиев.       

Кездесуде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Жасыл қалалар»  бағдарламасы аясында Тараз қаласында да электрлі автобус жүргізу туралы ұсыныс жасады.

Аймақ басшысы Еуропа қайта құру және даму банкімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу облыс үшін маңызды екенін атап  өтті. Тараптар әрістестік байланысты нығайта түсуге келісті.