Өткен жылы облыстық бюджет 99,9 пайызға игерілді

Өткен жылы облыстық бюджет 99,9 пайызға игерілді

Жетінші шақырылған облыстық мəслихаттың кезекті он сегізінші сессиясында бірқатар мәселелер қаралды.

Облыстық мəслихат депутаттары, басқарма басшылары, қала жəне аудан əкімдері қатысқан сессияның тұрақты комиссия отырысында облыс əкімі Нұржан Нұржігітов  баяндама жасап, облыстық бюджеттің атқарылуы мен өңірдің алдағы даму жоспары туралы хабарлады.

Аймақ басшысы өткен жылы елде болған пандемия тұсында табысын жоғалтқан салық төлеушілерге берілген салықтық рахымшылықтар мен жеңілдіктерге қарамастан облыстық бюджет кірістері артығымен орындалып, алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бергенін жеткізді.

- Өткен жылғы облыстық бюджеттің кірістері 537,4 млрд. теңгені құрап 100,3 пайызға қамтамасыз етілген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға немесе 159,9 млрд. теңгеге артқан. Меншікті кірістер жоспары 41,6 млрд. теңгеге немесе 103,5 пайызға орындалып, бюджетке 1,4 млрд. теңге жоспардан артық түскен.

Облыстық бюджет шығындары 99,9 пайызға орындалған.  Бюджетті орындау, қаражаттарды игеру мәселелері әрдайым тұрақты бақылауға алынған. 2021 жылы облыстық бюджет 99,9 пайызға игерілген,-деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң аймақ басшысы облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға  арналған бағдарламасының  орындалу барысына тоқталды. Бағдарламада өңір экономикасының өсуі, әлеуметтік сала,  инфрақұрылымды дамыту және өңірдің қауіпсіздігін арттыру бағыттары бойынша 25 нысаналы индикатор қарастырылған.

Облыс әкімі өз сөзінде барлық саланы қамтып, көрсеткіштер мен жоспарларды баядады. Бюджет қаражатынан бөлек инвесторлар тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, өзекті мәселелерді шешу мәселелеріне де назар аудартты.

Өз кезегінде депутаттар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берген аймақ басшысы айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетін жеткізді.

Тұрақты комиссия отырысында  облыстық мәслихаттың депутаты Әуесхан Шаймерденов, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев хабарлама жасады. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мұқаш Ескендіров 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жүргізген талдау барысын баяндап, жұмыстарды оң бағалады.

Осы күні жетінші шақырылған облыстық мəслихаттың кезекті он сегізінші сессиясы өтті. Онда облыстың емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы,  олардың материалдық – техникалық жарақтандырылу жағдайы және COVID-19 пандемиясы кезіндегі медицина саласына бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы, облыстық мәслихатының құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты  комиссиясының атқарған жұмыстары, білім саласында сапаны қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер қаралды.

Мәслихат депутаттар бірқатар өзекті жайттар бойынша хабарламашылар мен басқарма басшыларына сауалдар жолдады.

Облыс әкімі барлық көтерілген мәселелер ескерілетінін айтып, оларды шешуде жергілікті билік халық қалаулыларымен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.