Жамбыл облысының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады

Жамбыл облысының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында Құлан және Қорағаты ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады.

Басқосуларға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.

Алдымен құландықтармен кездескен аймақ басшысы округ әкімі Еркін Сейітжапаровтың атқарылған жұмыстар және жоспарлы шаралар туралы есебін тыңдады.

Округке қарасты Құлан, Қарақат, Шөнгер елді мекендерінде жалпы 19443 адам тұрады (3783 аула).

Облыс әкімі 3783 отбасының тұрмыстық ахуалы туралы толық талдаудың бар-жоғын сұрады.

- Барлық аула бойынша талдау болу керек. Ол аулалардың тұрақты табысы бар ма, жоқ па, негізгі кіріс көзі неден, әлеуеті қандай, жеке қосалқы шаруашылығын қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Осы сұрақтардың барлығы сол талдауда қамтылуы тиіс.

Ауылдықтар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін жете түсіне бермейді. Оны аудан, ауыл әкімдіктері барынша жеткізіп, оған қатысуға қол ұшын беруі қажет.

Бюджет қаражатынан тыс, инвестициялық жобаларды жүзеге асыра отырып, жаңа жұмыс орындарын құруды ойластырыңыздар. Негізгі міндет – халықтың табысын арттыру, әлеуметтік мәселелерін шешу, -деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң тұрғындар кезек-кезек сөз алып, өздерінің көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Олар негізінен ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия, жер, жастар тәрбиесі, қоғамдық көлік, суармалы су және тағы да басқа мәселелерді көтерді.

- 2025 жылға қарай облыстағы барлық елді мекендер тәулік бойы берілетін таза ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 100 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 94 пайызға жететін болады.

Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Тек соны жеткізе білу қажет. Жоспарда қарастырылмаған жұмыстарды ашық айтқан дұрыс. Халық пен биліктің арасында сенімді диалогтың орнауы – аса маңызды.

Ал, бала тәрбиесіне келетін болсақ, бұл тұрғыда бар жауапкершілікті мектепке жүктеп қоюға болмайды. Әрбір ата-ана тәрбиені отбасыдан бастап, педагогтармен бірге бұл іске белсенді түрде атсалысуы тиіс, -деді аймақ басшысы.

Қорағаты ауылдық округінде өткен дәл осындай кездесуде тұрғындар көптен бері көтеріліп келе жатқан жер дауы мәселелерін шешіп беруді сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін бұл мәселе жөнінде облыстық комиссия құрылып, оның бір айдан астам уақытқа созылған жұмысының нәтижесінде бірқатар шешімдер қабылданған болатын. Дегенмен ауылдықтар кейбір шешімдер бойынша келіспейтіндіктерін білдіріп, әлі де түйіні тарқатылмаған түйткілдердің жоқ еместігін жеткізді.

Облыс әкімі тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, барлық мәселер заң аясында толығымен шешілгенше, комиссия өз жұмысын жалғастыратынын баса айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Комиссия құрамына жауапты сала мамандары, ауыл тұрғындары және құқық қорғау өкілдері де енген.

Жиында тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті сұрақтардың бірі – жайылым тапшылығы.

- Ең алдымен қоғамдық өріс мәселесін шешуге тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл аяқталатын болады. Ал, малы көп шаруашылықтар төрт түлігін ауыл сыртына жайғаны дұрыс. Оларға орман шаруашылығы қорынан жайылымдар қарастырылады,- дей келе Нұржан Нұржігітов тәртіп пен заңға бағыну – әрбір ел азаматының міндеті, қоғамдық келісім – басты байлығымыз екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғындарды мемлекет тарихындағы маңызды шара – референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Аймақ басшысы кездесулерден соң, жалпы екі округ бойынша 30-ға жуық ауыл тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Барлық мәселелер назарға алынып, заң аясында шешілетін айтты.