Тараздың бас жоспары қаралды

Тараздың бас жоспары қаралды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласының бас жоспары, 15 шағын ауданының және 28 саяжайға жүргізілетін инфрақұрылым тарту мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жайықбай Шалдаров шаһардың бас жоспарына түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы туралы ұсыныстарға тоқталды.

Облыс әкімі Байзақ және Жамбыл аудандарының қаланың іргесіндегі бірқатар аумақтарын облыс орталығына қосылу жоспарының орындалу барысына айрықша назар аударып, одан туындайтын әлеуметтік мәселелердің  шешу жолын бүгіннен пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі жер екенін ескеріп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бөлінісіне жіті көңіл бөлу керектігін баса айтты.

Нұржан Нұржігітов Таразда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрғандардың мәселесін  шешу жоспарын сұрады. Қазіргі таңда бұл бағытта кезекте тұрған азаматтардың жалпы саны – 102925. «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғаннан кейін 1 айдың өзінде 30 мыңға жуық азамат тіркеліп үлгерген.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітовтің айтуынша, Тараз қаласының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына  сәйкес «Қарасу» (Құмшағал) алқабына инфрақұрылым жүрзігіліп, жер телімдерін (1460) тарату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жер кезегінде тұрған алғашқы 4477 адамға хабарландыру қағазы жіберілді. 2005 жылы кезекке тұрғандар толығымен және 30.06.2006 жылға дейін жер кезегіне тіркелген азаматтар қамтылды. 

Сондай-ақ, бүгінде «Орталық базарға» қарама-қарсы 312 гектарға жуық жер телімін мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер телімдері алынған соң құрылыс бөлімі инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын атқармақ. Осы жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға берілетін болады.

Бұдан бөлек қалада биыл 42 үй көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Облыс әкімі осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете білу, тұрғындарды хабардар ету шараларын жан-жақты ұйымдастырудың маңыздылығын жеткізді.

- Біз Тараз қаласының бас жоспарын қараған кезде өзіндік көзқарасымызды қалыптастыруға назар аудару керекпіз. Шаһардың тарихи келбетін, дизайн-кодын сақтауға тиіспіз. Бұл бағытта нақты жүйе қажет. Қаланың ішкі және сыртқы бөліктері сол жүйе негізде дамып отырғаны дұрыс.

Сондай-ақ, біз алдағы үш жылда қандай жұмыстар атқарамыз, қандай құрылыс салып, инфрақұрылым жүйелерін тартамыз? Соны да нақтылап жоспарлау керек,-дей келе Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, бұл мәселе екі аптадан соң қайта қаралатынын атап өтті.

Сонымен қатар басқосуда Тараз қаласының 15 шағын ауданының жылыту жүйесі, шалғай елді мекендер мен 28 саяжайға инфарақұрылым (газ, ауыз су, электр энергиясын)  тарту шаралары талқыланды.

Аталған мәселелер осы жылы шешімін табатын болады. Ол бойынша аймақ басшысы қажетті негіздердің жеткілікті екендігін, тек жұмыстарды сапалы әрі уақыты жүргізу керектігін ескертті.

- Тұрғын алқаптарда неге жарық жиі өшіп қалады? Қарапайым тұрғындар мәселенің шешімін жеке компаниялардан емес, бізден күтеді. Біз дұрыс ұйымдастырып, қадағалау шараларын жүргізуге тиіспіз, - деді облыс әкімі.

Жиында қала көшелерінде жол белгілерін реттеу мәселесі де қаралды.