Б.Сапарбаев агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауды тапсырды

Б.Сапарбаев агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауды тапсырды

Облыс әкімігінде агроөнеркәсіптік секторды мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын жұмсау заңдылығы жөнінде облыстық прокуратура, жергілікті атқарушы орган алқасының бірлескен отырысы өтті.

Жиынға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, бейнеконференция режимінде – аудан әкімдері, прокурорлар қатысты.

- Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаражат бағытталғанын атап өтті. Ел Президенті нормативтік базаны нығайтуды, субсидиялар беруді тиімді жоспарлау мен мониторингтеу жүйесін енгізуді тапсырды. Мемлекеттік қолдау шағын және орта шаруашылықтарға барынша қолжетімді болуы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.

Нұрғалым Әбдіров салалық бағдарлама аясында инвестициялық субсидиялауға, өнімділікті арттыруға және мал басын көбейтуге бөлінген 1 млрд. теңгеден астам қаражатты тиімсіз жұмсау мен ұрлаудың жүйелі фактілеріне тоқталды.

Прокурорлар негіздемесіз жоспарлау, аграрлардың өтінімдерін қарау кезінде негізсіз бас тарту, сондай-ақ негізгі салалық индикаторларды орындамау фактілерін анықтады.

Облыс прокуроры өңірдің ерекшелігін ескере отырып, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Ол экономиканың негізгі драйвері ретінде оны дамытудың нақты нәтижелеріне қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге баса назар аударуды, нысаналы индикаторларды нақты орындау мерзімдерін, салалық басқармалар мен аудан әкімдерінің тиісті деңгейдегі өзара байланысын, сондай-ақ жол берілген бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды қамтитын өңірлік жоспарды бекіту ұсынды.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен агроөнеркәсіптік секторды қолдау тетіктерін іске асырудың тиімділігін қамтамасыз етуді, шаруа қожалықтарымен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатын қайтаруды талап етті.

– Біздің алдымызда бірнеше маңызды міндеттер тұр: бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын қысқарту және экспортын ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жауапты тұлғалар көрсеткіштердің орындалуына бақылау жасамайды. Бұлай болмайды. Бюджет ақшасы мақсатты түрде жұмсалуы керек немесе қайтарылуы тиіс. Басқа жолы жоқ. Басқармалар мен аудан әкімдіктері әлі де байланыс орната алмай, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізе алмай келеді. Енді олар заң бұзушылықтың әрбір фактісін зерттеп, нақты шаралар қабылдауы қажет, – деп тапсырды облыс әкімі.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев, Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов баяндама жасады.