Бердібек Сапарбаев: аудан әкімдері барлық бағыттар бойынша тиімді жұмысты қамтамасыз ету керек

Бердібек Сапарбаев: аудан әкімдері барлық бағыттар бойынша тиімді жұмысты қамтамасыз ету керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде өткен алты айдың қорытындысы, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы қаралды.

- Бұл мәселені бұған дейін де бір-екі рет талқылаған болатыбыз. Біздің міндет – мемлекет берген тапсырмаларды толық орындап, өңірдің экономикалық даму қарқынын төмендетпеу. Бүгінгі таңда экономика өсімі 105,4 пайызды құрап отыр. Қаржының игерілуі 99,9 пайызға жетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болып тұр. Ендігі кезекте жұмыссыздықты азайту үшін жұмыс істеу керекпіз. Сонымен бірге экономика өсімін бұдан әрі де қалыпты  ұстап отыруға тиіспіз, - деді облыс әкімі.

Жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Оған мемлекеттік бағдарламалардың тигізген септігі де жоқ емес. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,4 пайызды құрап, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, инвестиция, көлік, байланыс саласы және өзіндік кірістер мен бюджеттің игерілуі  орташа республикалық көрсеткіштен жоғары қалыптасты. Инфляция деңгейі 104,6, жұмыссыздық деңгейі - 4,9 пайыз болып отыр.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,3 пайызды құраған. Өнеркәсіп құрылымындағы 74 пайыз негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, мұндағы өсім 9,1 пайызға жеткен. Есепті кезеңде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар  3,3 есеге өскен. Негізінен өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі Тараз қаласы мен Қордай ауданында байқалса, Сарысу ауданында ол төмендеген.

Ауыл шаруашылығы өнімінің 4,3 пайызға жоғарылауы өсімдік пен мал шаруашылығына тиесілі. Өнімнің негізгі үлесі Қордай, Шу, Байзақ және Жамбыл аудандарының еншісінде. Ал Мойынқұм, Жуалы аудандары мен  Тараз қаласы өсімнің ең төменгі қарқыны  қалыптасқан.

- «Жетінші айдың да аяқталуына санаулы күн қалды. Әкімдіктің экономика басқармасы алдағы айларға өз болжамын жасап отыруы тиіс. Баяндамада байқағаным, өнеркәсіп көрсеткіші төмендеген. Оны көтеру керек. Осы мәселеге барлық аудан әкімдері атсалысып, ұсыныстарын беріп, өнеркәсіп саласын жандандыруға күш салуымыз қажет, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ бағдарламалардың орындалу барысына тоқталып, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында бір ғана жоба берген аудандар мен Тараз қаласы қалай дамымақ?» дей келіп, басқармаға аудан және қала әкімдерімен жоба аясында жұмысты жандандыруды тапсырды. 

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа «Самұрық» және «Бәйтерек» қорларымен жұмыс істеу туралы ұсыныс болған еді, ол жобалар не болып жатыр?» деп сұрақты төтесінен қойды облыс әкімі. Басқарма басшысы Қордайда екі, Сарысуда екі жобаның қолға алынып жатқанын, инвестиция тарту бойынша да жұмыстар басталып кеткенін айтты.

Өз кезегінде аймақ басшысы инвестиция тартуда, химия зауыттарын қайта іске қосуда, басқа да жобаларға билік тарапынан қолдау көрсету керектігін аудан әкімдерінің естеріне қайта салып, «Инвестиция тартпай жұмыс болмайды. Біздің міндет шетелдіктермен қатар өзіміздің инвесторларды қаржы салуға, өнеркәсіпті дамытуға жұмылдыру», екенін ерекше атап өтті.

Баяндамашы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа да облыс әкімінің қояр сұрағы да аз болмады. Өйткені, бұл саланың әлі де күрмеуі тарқатылмаған мәселелері аз емес. Бұған дейін басқармаға ұсақ шаруа қожалықтардың басын құрып, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен агрохолдингтер құру, бұлақ көздері мен су ұңғымаларын, су тоғандарын салу, бағаны реттеу, әлеуметтік дүкендер желісін қалыптастыру,  қойма салу, субсидияны шаруаларға уақытынан кешіктірмей беру, қысқа мал азығын дайындау барысы сынды тапсырмалар жүктелген еді.

Басқарма басшысы Қайрат Аманов бұл сұрақтың барлығына қолда бар мәліметтерге сүйене отырып жауап берді. Бірақ оның қағаз бетіндегі жауабы облыс әкімі Бердібек Машбекұлын қанағаттандыра қоймады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласына көп сын айтылып, тапсырылған жұмыстардың орындалмағаны жиында әшкере болды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі өткен алты айда атқарылған жұмыс барысын талқылай келіп, мемлекет берген тапсырмаларды толық орындап, өңірдің экономикалық даму қарқынын төмендетпеуді орынбасарлары мен басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне тапсырды.