Аймақ басшысы ауылдықтардың ахуалына қанықты

Аймақ басшысы ауылдықтардың ахуалына қанықты

Бүгінде Жамбыл облысында жем-шөп әзірлеу, суармалы сумен қамту, бағаны тұрақтандыру, көкөніс сақтау қоймаларының мүмкіншілігін арттыру бойынша нақты шаралар қолға алынған. Осы орайда облыс əкімі Бердібек Сапарбаев аудандарға арнайы барып, тиісті жұмыстармен танысуда. Бұл жолы аймақ басшысының жұмыс сапары Байзақ жəне Жамбыл аудандарында жалғасып, ондағы құрылыс нысандарын аралап, ауыл халқымен кездесіп, көкөніс алқаптары мен егін орағы науқанының жай-күйіне қанықты. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерін сайлауға әзірлік шаралары да назарға алынды.

Облыс әкімі алдымен Бурыл ауылында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысына ат басын бұрды. Құрылысты мердігер – «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Серіктестік мектепті 10 тамыз күні тапсыруға ниетті.

Бердібек Сапарбаев нысандағы дəліздердің төбесіне орнатылған желдеткіштерді сынға алды.

- Мына конструкцияда қандай эстетика бар? Бұл мектеп қой. Желдеткішті дəліздің төбесіне жасаған дұрыс емес. Жобалағанда осыны қарап, келешекте мұндай қателіктерге  жол бермеу керек, - деді.

Аудан əкімі Бақыт Қазанбасов мектепке келетін жолдың тозығы жеткеніне көңіл бөліп, оған асфальт жабынын төсеу үшін қаржы бөлу  қажеттігін алға тартты.

Мектеп ғимаратын аралап шыққан аймақ басшысы мердігерге мектеп ауласын абаттандырып, ағаш көшеттерін, гүлзарлар отырғызуды тапсырды.

Бұдан кейін облыс əкімі Көктал ауылдық мəдениет үйінің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесті.

- Соңғы кездері ауылға келіп, Сіздермен жиі кездесуге мүмкіндік болмай кетті. Індет қазір қайта өршіп барады. Бір күнде ауырғандар саны жүзге жетті. Оның бұдан ары өршіп кетпеуі үшін санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз керек. Тойды тоқтата тұрған дұрыс. Ең маңыздысы – екпе қабылдап, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керекпіз, -  деді облыс əкімі.

Айта кетейік, бұл округ – ауыл əкімі сайлауы өтетіндердің қатарында десек, оған үш үміткер тіркеліпті. Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Ауыл тұрғыны Досмахан Оразбаеа жолға асфальт төсеп, мəдениет үйін жөндеп беруді сұрады.

Ауыл тұрғындарының өтініш-тілегін мұхият тыңдаған аймақ басшысы мəдениет үйі биыл күрделі жөндеуге енгізілетінін айтып, ауыл тұрғындарын қуантты.

Сонымен қатар, облыс әкімі  іргетасы қаланып жатқан 600 орындық Көктал орта мектебінің құрылысына да қанықты. Аталған ауылдық округтегі «Белхожа» каналының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Каналдің жалпы ұзындығы 17 шақырым. Нысан құрылысын «ҚазатакенҚұрылыс» ЖШС жүргізуде. Бұл канал 2896 гектар алқапты ылғалдандыратын болады. Жалпы аудандағы каналдардың ұзындығы 32 мың шақырымды құрайды десек, биыл оның 349 шақырымы жөндеуден өтпек.

Келесі нысан – Жалғызтөбе ауылдық округіндегі «Сеңкібай» каналы болды. Ондағы жөндеу жұмыстарын «ҚұрылысТЭД» ЖШС жүргізуде. Ұзындығы 21,8 шақырымды құрайтын канал құрылысы аяқталса, 4 мың гектардан аса алқап сумен қамтылатын болады. Мердігер каналдың басындағы 800, соңындағы 300 метрін бетондағанымен, қазір жұмыс мүлде тоқтап тұр. Серіктестік өкілі Данияр Əбдіжалов құрылыс жұмысының тоқтап қалуына құрылыс заттарының қымбаттауы себеп болғанын айтты.

Облыс əкімі мердігерге жүктелген жауапкершілікті аяқсыз қалдырмай, жұмысты соіңына дейін орындауды тапсырды.

Көктал ауылдық округіне қарасты Аққия ауылындағы «Байназаров» шаруа қожалығы 40 гектарға егілген пиаз алқабын бұлақ суымен ылғалдандыруда. Сондай-ақ, іргедегі бақшаны суару үшін құдық қазылып, көкөністер суарылуда. Қожалық жетекшісі Хамидулла Байназаров биыл əр гектарынан орташа есеппен 120 центнерден өнім жинаймыз деген жоспарымен бөлісті. Өнімді жинау жұмысын тамыз айының 15-інен бастауға ниетті.

- Көктемде субсидияны уақытылы берсе, біз тыңайтқышты дер кезінде алар едік. Осы мəселенің шешімін табуына, субсидияны кешіктірмей берілуіне ықпал етуіңізді сұраймын, - деді қожалық жетекшісі.

Бердібек Сапарбаев бұл мəселе бойынша жұмыстар қолға алынғанын, шешімін табуға барынша ықпал етуге тырысатынын жеткізді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Ақшолақ ауылындағы «Аспан Агро» шаруа қожалығының қызылша алқабымен, «Манат» шаруа қожалығының жүгері, бидай егістігімен танысты.

«Манат» шаруа қожалығының жетекшісі Саха Манатовтың айтуынша, қожалық ағымдағы жылы 220 гектарға қант қызылшасын, 300 гектарға дəнді жүгері орналастырыпты. Жүгерінің əр гектарынан орта есеппен 14-15 тонна дəн жиналады деп күтулуде. Ал 160 гектарға егілген бидай алқабына бүгін камбайн түсіпті. Оның əр гектарынан орта есеппен 15 центнерден өнім жиналуда.

Қызылша алқабында болған сəтте қожалық жетекшісі өзінің жоспарымен бөлісті. Ол ауылдағы 7-8 шаруа қожалықтың басын қосып, «Аспан Агро» холдингін құрып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

- Біз бір холдингке бірігудің арқасында мүмкіндігімізді арттырдық. Несие рəсімдеп техника алуға, жер игеруде бірігіп жұмыс істеуде көп көмегі тиіп жатыр, - дейді кəсіпкер.

- Мен үнемі ұсақ шаруа қожалықтар бірікпей, шаруаның алдыға баспайтыны туралы айтып келемін. Біз жаңа құрылып жатқан агрохолдингтерге барынша қолдау көрсетіп, олардың аяқтан тұруына көмектесуіміз керек. Ұсақ шаруаларға холдинг жұмысын насихаттай отырып, оларды да ірілендіруге үгіттеуге тиіспіз. Сол кезде өнім де, табыс та арта түседі, - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейін облыс әкімі Бəйтерек ауылдық округіндегі «Агали» шаруа қожалығының құлпынай алқабының жұмысын көрді. Қожалық жетекшісі Нəби Агалиев таңқурай мен құлпынайды 15 гектар алқапқа отырғызып, одан жылына екі рет өнім жинауды жоспарлап отырғанын айтты. Таңқурай көшетін Туркиядан əкеліп отырғызыпты. Тамыз айында шаруа алғашқы өнімін жинауға кіріспек. Әрбір гектарынан жылына 10-15 тоннадан өнім түседі деп күтілуде екен.

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары түстен кейін Жамбыл ауданында жалғасты. Мұнда да аймақ басшысы құрылысы жүріп жатқан каналдардың жəне егіс алқаптарының жай-күйімен танысты. Алдымен Аса ауылындағы «Қуат» каналын көрді. Ұзындығы 12,9 шақырымды құрайтын каналды  «Толағай-2050» ЖШС тазалап шыққан. Канал бетондалар болса, оның суы 1232 гектар алқапты ылғалдандыруға жетеді екен.

Аудан əкімі Сəкен Арубаевтың айтуынша, қазіргі таңда каналда 700 литр су жатыр. Канал 575 гектар алқапты ылғалдандыруда. Аудандағы суармалы егіс көлемін екі есеге арттыру үшін осы каналды бетондау туралы ұсыныс көтерілді. Айшабибі ауылдық округіндегі «Бошақай» каналының жұмысымен де назардан тыс қалған жоқ.

Келесі  кезекте Айшабибі ауылдық округіндегі «Айден Агро» шаруа қожалығының пияз жəне бидай егістік алқаптарын көрді. Жалпы округте пиаз - 600 гектар алқапқа егілген. Округте 3908 гектар «Исмайл» жəне «Райс» каналдары арқылы ылғалдандырылуда. Қожалық жетекшісі Зайнуддин Мусаев биыл 32 гектарға пияз, 32 гектарға бидай егіпті.

Ауданда барлығы 108 канал бар десек, бүгінде оның 96 каналына тазалау жұмыстары жүргізілген. Аудан басшылығы  суару науқаны аяқталғанда кейбір тұстарды қайта жөндеуді, каналдың басын бетондауды сұрады.

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданындағы каналдардың жұмысын зерделей келіп, кездесіп отырған түйткілді мәселелердің оң шешімін табуға ықпал ететіндігін жеткізді.