Құрылыс құрғақ уәдемен емес, сапалы жұмыспен бітеді

Құрылыс құрғақ уәдемен емес, сапалы жұмыспен бітеді

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандарындағы жөндеу-құрылыс жұмыстарының орындалу барысы сараланды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрғалығымен өткен жиынға аудан әкімдері, тиісті мердігерлер қатысты.

Аймақ басшысы алдымен мердігерлер мен құрылыс басқармасына құрылыстың мерзімі мен сапасына, бөлінген қаржының игерілмеуіне, ЖСҚ әзірлеудегі олқылықтарға қатысты бірқатар ескертпелерін білдірді.

- Біз бұл тақырып бойынша бұған дейін де бірнеше мәрте кездесіп, мердігерлердің уәдесіне қаныққанбыз. Алайда, бүгінгі жұмыс нәтижелері ойдағыдай емес екенін көріп отырмыз, - деді Бердібек Сапарбаев мердігерлік ұйымдардың өкілдеріне.

Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, 207 жобаға 67,6 миллиард теңге бөлінген. Биыл 150 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда, олардың қатарында 76 көпқабатты тұрғын үй, 24 мектеп, колледж, 10 денсаулық сақтау, 11 спорт, 6 мәдениет нысандары және басқалары бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 131 нысан, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша - 23 нысан, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша – 17 нысан, басқа да даму бағдарламалары бойынша – 35 нысанның құрылысы жүруде.

Е.Орынбаевтың айтуынша, құрылыс басқармасы тапсырыс беруші ретінде құны 66,7 миллиард теңге болатын 43 жобаның құрылысын жүзеге асыруда. Ағымдағы жылы 29,1 миллиард теңгені игеру көзделген.

Ағымдағы жылы жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын 26 білім беру нысаны салынуда. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде 19 мектеп құрылысы, бес қосымша құрылыс, колледж ғимараты және мектепті абаттандыру бойынша бір жоба бар. Биыл 14 нысанды тапсыру жоспарланған десек, бір нысан пайдалануға беріліп үлгерілген. Тараздағы «Мейірім» мектеп-интернатының жапсарлас құрылысы аяқталған.

- Тараз қаласындағы №2 мектептің құрылысы баяу орындалуда. Шу қаласындағы Айша бибі және Ы.Алтынсарин және Қордай ауданындағы Арал орта мектептерінің сметалық құны қайта есептелуде. Жобалаушылардың қателігі салдарынан Байзақ ауданындағы Шахан және Сеңкібай ауылдарындағы мектеп құрылысына қатысты қиындықтар туындауда. 2019 жылы басталған Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы №3 колледж ғимаратына жапсарлас нысанның құрылысы 90 пайызға аяқталды. Жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, сараптама қорытындысы алынды, - деді Ерлан Орынбаев.

Бердібек Сапарбаев жұмыстар басталып кеткен соң жобалық-сметалық құжаттамаларға өзгерістер енгізіліп жатқанына қынжылыс танытты.

- Құрылыс басталғанға дейін осы мәселелерді талдап, нақтылау мүмкін болмады ма? – деді аймақ басшысы.

Ерлан Орынбаев кеткен кемшіліктерді реттеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Аймақ басшысы Тараздағы №2 мектеп құрылысының кешігіуіне қатысты «Талас құрылыс» ЖШС басшысы берген жауапқа қанағаттанбады. Өткен жылы да бұл мердігер уәделерді үйіп-төгіп бергенімен, жұмысы әлі де ширай қоймағандай.

Облыс әкімі басқа да бұзушылық фактілерін алға тартты. Айталық, екі айдан бері №22 мектептің құрылысы тоқтап тұр десек, Қордай ауданындағы Күнбатыс-2 массивінде мектептің құрылысы кестеден қалып қойған. Сол секілді, Шалғай Қарасу массивіндегі 600 орындық мектепке әлі күнге электр жарығы тартылмаған.

Аймақ басшысы әр мектептің мәселесін тиісті жауапты мердігерлермен, аудан әкімдерімен жеке-жеке талқылап, мерзімдердің бұзылу себептерін тыңдап, барлық кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінің бұл мәселелерге немқұрайлы қарайтынын атап өтті.

- Құрылыс, білім басқармалары әрбір нысанға жауапты мамандарды бекітуі тиіс. Олар күн сайын нысандарға барып, құрылыстың барысын арнайы қадағалап, күнделікті ескертпелермен жұмыс істеп отыруы керек, - деп тапсырды облыс әкімі.

Барлық жөндеу-құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың сапасын тексеру қажет.

- Мектептерді жаңа оқу жылының басталуына дейін тапсыру қажет. Ең бастысы, ата - аналар мен балалар алдында ұятқа қалмаңыздар, - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, құрылыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы – бәрінен маңызды екенін баса айтты. Құрылыс басқармасы мен аудан әкімдері жоспарлы жұмыстарды мерзімінде аяқтау үшін бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.

Сондай-ақ, Ерлан Орынбаев 11 спорт нысанының құрылысы жүріп жатқанын, оның жетеуін жоспар бойынша биыл пайдалануға берілетінін хабарлады. Жыл басынан бері екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталған. Өзекті мәселелер туралы тоқтала келе, Е.Орынбаев төрт нысан бойынша мердігерлер анықталмағанын, бірқатар аудандарда қаражаттың игерілмей қалу қаупі бар екенін тілге тиек етті.

Басқосу барысында Тараздағы онкологиялық диспансерге инженерлік инфрақұрылым тарту жобасын іске асыру жайы сараланды.

Е.Орынбаевтың айтуынша, жаңа 15-ші шағын ауданда жеке тұрғын үй құрылысы бойынша пилоттық жоба аясында жұмыстарды қайта жандандыру мәселесі шешілуде екен. Жақын арада осы ауданда орналасқан 15 үй «Отбасы банк» банкінің салымшыларына табысталмақ.

- Өз міндеттемелерін уақытылы орындамайтын мердігерлерге қатысты қатаң шаралар қолдану қажет, - деп талап етті облыс әкімі.

Жыл басынан бері құрылыс нормалары мен сапа талаптарын бұзғаны үшін 10 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 3,8 миллион теңге айыппұл салынған.

Е.Орынбаев биыл «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 138 үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты. Бүгінге дейін 18 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген.

Жиында өңір басшысы жаңа мектептер аумағын абаттандыруға, тұрғын үй алуға ниетті БЖЗҚ салымшыларымен мақсатты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу бойынша тапсырмалар жүктеді.