Жамбыл облысында әйелдерді кәсіпкерлікке тарту жұмыстары күшеймек

Жамбыл облысында әйелдерді кәсіпкерлікке тарту жұмыстары күшеймек

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев әлеуметтік бизнес саласында жүрген бір топ нәзік жандармен кездесті. Басқосуда облыс әкімі ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп, қоғамның ілгерілеуіне аянбай үлес қосып жүрген белсенді әйелдердің еңбегін айрықша атап өтті.

Өңір басшысы жеке кәсіпкер Ақмарал Басированы өзге бұрымдыларға үлгі қылып, оның ерік-жігеріне, бастамаларына қолдау білдірді.

- Ақмарал бес баланың анасы, бұрынырақта ол да тұрмыстың машақатын көп көрген. Алайда, оның жеке кәсіпкерлікке жол салып, ісін дөңгелетіп кеткені қуантады. Осы бағыттағы еңбегі құрметке лайық. Ақмарал мемлекеттің қолдауымен әлеуметтік бизнес саласына келіп, несібесін тауып жүр. Жерлесіміз, Жаңатас қаласының тумасы өзінің отбасын ғана асырап қоймай, өзгелердің де «екі қолына, бір күрек» беріп, кәсіпкерлікке баулу үстінде. Ақмарал Алматы қаласында алғашқы болып «Бақытты отбасы – Алатау» орталығын ашты, - деген Б.Сапарбаев осы орталық арқылы көптеген көп балалы, жалғыз басты аналар қамқорлық көріп, кәсіп бастап, бір-бірін демеп жүргенін әңгімеледі.

Аймақ басшысы Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының да жемісті жұмысына тоқталып, игі істеріне жергілікті әкімдік тарапынан қолдаудың үзілмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, жиынға қатысып отырған аналарды масылдық пен мұқтаждықты айыра білуге шақырды.

- «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абай атамыз. «Жақсыдан үйрен» деген халық даналығы тағы бар. Мемлекеттің қолдау-көмегін де көре білуіміз керек қой. Мәселен, ортақ топтарда неге мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы, мүмкіндіктері туралы ой бөліспейді, пікір алмаспайды, кеңес алмайды бір-бірінен. Шындығында, мемлекеттен кәсіпкерлікке де, әлеуметтік салаға да қыруар қаржы бөлінеді жыл сайын. Соларды қалай пайдалану керектігін неге сұрамайды бізден? Ауылдағы аналар кейбір бағдарламалардан тіптен бейхабар. Олар кәсіп түрлерін қалай оқу керек, қалай сертификат алу керек, бизнес жасауға септесетін көмекті қалай алу керек деген сияқты сауалдардың жауабын білмейді. Оны біз үйретуге тиіспіз, - деген облыс әкімі тараздық, тумысынан екі қолы жоқ Анар есімді тігінші әйелдің еңбегін де үлгі қылып, оның үш отбасын кәсіпкерлікке баулып жүргенін тілге тиек етті.

Жиында Бердібек Машбекұлы былтыр Тараз қаласында да «Бақытты отбасы» орталығы ашылғанын еске салып, бүгінде бұл мекеменің де табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, енді жеке кәсіпкердің демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығының іргесі қаланып жатыр. Аталған нысан осы күзде ашылып, аймақтағы әйелдер мен қыз-келіншектерге қызмет ететін болады.

- Мемлекеттің бар қолдау-көмегін пайдаланып табыс тапқанға не жетсін?! Сол себептен жақын арада әйелдерге арналған ауқымды семинар-форум ұйымдастыратын боламыз. Онда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолдарын зерделейміз, ауылдық аймақтардағы аналарға үйрету тәсілдерін талқылаймыз, - деді аймақ басшысы.

Б.Сапарбаев осы басқосуға қатысушыларды бастамаға белсене атсалысуға шақырып, салаға жауапты мекемелердің басшыларына, әсіресе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

Кездесуде сөз алған «Бақытты отбасы – Алатау» қолдау орталығының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Басирова тірліктен қашып, масылдыққа бой алдыру елдің экономикасына өз кесірін тигізетінін баса айтты. Ол күні кеше ғана Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласының аналарымен дидарласқанын жеткізді.

- Осыдан бес-алты жыл бұрынғы менің де тұрмыстық ахуалым мәз емес болатын. Мен де мемлекеттен түрлі көмек, жәрдемақы алатын едім. Өйткені, шаңырағымның асырушысы, куйеуім инсульт алып, нан табуға дәрменсіз болып қалды. Ескі көлігімізбен жолаушы тасымалдадық, қара жұмыс істедік, бірақ табысымыз күнделікті нан-пұлымыздан артылмады. Үйімізге келетін түрлі көмектерден бала-шағам ұялатын еді. Бұл маған ауыр тиді. Көп ойлана келе, кәсіп бастауға бел будым. Бұл ойыма Алматы қалалық әкімдігі қолдау көрсетті. Тиісінше, қолдарында бар дүниемен қол ұшын созды, мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көрдік. Бақытымызға қарай, кәсібім жүйесін тауып, дөңгелеп жүре берді. Кейін жер алдық, бір жылы іргетасын қаладық, келесі жылы қабырғасын көтердік. Қазір балаларым кең баспанада тұрып жатыр, - деген кәсіпкер алматылық аналарға қалай жәрдем беріп жатқанына тоқталды.

Ақмарал «қарны ашқан көршіңе балық берме, қармақ бер» деген ұстанымды негізге алған. Ынтасы бар аналарға тегін кеңес береді, кәсіп бастауға, мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын көру жолдарын үйретеді.

Жиында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай жамбылдық отыз әйелді бизнеске баули бастағандарын сүйіншіледі. Әрқайсысы бір-бір кәсіпті зерттеп, зерделеп, іске кірісіп жатқан олардың есімдері жылдың соңында, Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланбақ. Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тұратын тәрбиеленушілер үшін бизнес-сыныптар мен шеберлік сағаттарын өткізіп, жалғыз басты қарияларға көмек көрсетіп жүрген ол карантин кезінде де азық-түлік пакеттерін, дәрі-дәрмектер үлестірумен белсенді айналысқан. М.Лештаева жұмыстан қашпайтын аналарды әркез қолдайтындарын, кәсіпкерлік негіздерін үйретуге әркез әзір екендерін де мәлімдеді.

Облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Айгүл Ақшалова соңғы кездері әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарған шаруаларын әңгімелесе, облыстық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Гүлнара Нарболдиева орталықтың қазіргі тыныс-тіршілігін баяндады. Онда бүгінге дейін 3 700-ге тарта отбасыға қызмет көрсетіліпті. Оның ішінде 1100-ден астамы көп балалы ана болса, 750-ге жуығы аз қамтылған отбасылар екен. Сонымен қатар 684 толық емес отбасы, 900-ден аса толық отбасы, 200-дей мүгедек бала асыраушы және мүгедек болып танылғандар бар.

- 933 ана әлеуметтік қызметкердің кеңесін алды, 328 әйел алимент өндіру және құқықтық мәселелер бойынша заңгер маманының көмегіне жүгінді. 329 әйелге психолог мамандарымыз кеңес берді. Оқыту курстарына 1 741 отбасы тіркеліп, қолөнер бұйымдарын және тігін тігуді үйренді, оқушыларды ҰБТ-ға дайындауға дағдыланды. 210 - ана өз кәсібін ашу мақсатында қаржылық сауаттылық сабақтарына қатысты, - деп атап өтті ол.

Басқосуды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, аймақта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту ісін жетілдіре түсу қажеттігін, ауылдық аймақтарда мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын, өзге де көмек түрлерін алу жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жауапты құрылымдар осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, бірлесе еңбек етуі керек. Сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбында ауқымды семинар-форумды ұйымдастыру жұмыстары уақыт озбай басталғаны дұрыс.