Облыс әкімі онлайн-қабылдау өткізді

Облыс әкімі онлайн-қабылдау өткізді

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Nur Otan» партиясының алаңында онлайн форматта тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, нақты жауаптар берді. Шараға облыстық басқармалардың басшылары да қатысты.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің ауқымы кең. Оның ішінде, ауыл мектебіне құрметті азаматтың есімін беру, тұрғын үй мәселесін шешу, ұсақ су қоймалары мен суармалы су мәселесі, учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару сынды сауалдар бар.

Мәселен, Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Мұрат Рысменбетовтың сауалына Жаңатұрмыс ауылын және төрт көрші елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау құрылысының ЖСҚ (жобалық сметалық құжаттамасы) дайын екенін жеткізді. Тек бюджеттік өтінім мақұлданса және қаражат қаралса, жұмыстар жақын арада басталады.

Байзақ ауданы Көкөзек ауылының тұрғыны Өмірбек Бүтінбаевтың суармалы су мәселесін шешу туралы өтінішіне келер болсақ, вегетативтік маусым аяқталғаннан кейін жергілікті Сәмбет каналы бойын бетондау жұмыстары жоспарланған. Су артериясын жөндеудің нәтижесінде судың  жоғалуы азаяды және шалғай учаскелерге жіберіледі.

Азаматтар көтерген мәселелердің орындалуы облыс әкімі аппаратының бақылауында болмақ.