Жамбыл жолдары республикадағы алдыңғы қатарда

Жамбыл жолдары республикадағы алдыңғы қатарда

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облысымызда былтыр жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85-тен 90 пайызға, ал көше желілері 76 пайызға өсті. Айта кету керек, бұл республика бойынша екінші орындағы көрсеткіш.

Барлық қаржыландыру көзінен өткен жылы 27,6 миллиард теңге бөлініп, 1111 жоба іске асырылды. Барлығы 1316,2 шақырым жол жөнделді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 2,5 еседен асты. Жобалардың басым бөлігі, яғни 827 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

Республикалық бюджеттің қолдауымен үш ірі жоба жүйесін тауып, екі нысан пайдалануға берілді. Ал Тараз қаласының оңтүстік айналма жолының Қырғызстан шекарасына дейінгі жолының ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын учаскесін қалпына келтіру жобасы 2021 жылдың бірінші жартысында аяқталады.

Сондай-ақ республикалық «Ұзынағаш-Отар» автожолының 16 шақырымдық бөлігі пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 475 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал», «Балқаш-Бурылбайтал», «Күрті-Бурылбайтал» учаскелерінде қайта жөндеу құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 164 миллиард теңгені құрайды.

– Аймақта басты назар жол салу сапасына аударылып отыр. Осы мақсатта «Жол активтерінің сапасы орталығы» біздің басқармамен бірлесіп, талдау жасауға мыңнан аса сынама алып, 153 ескерту берді. Олар бойынша жобаларды іске асыру барысында тиісті жұмыстары атқарылды, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Жалпы, жұмыс сапасын арттыру жол-көлік оқиғаларын – 23, жарақат алуды – 28, қаза табу оқиғаларын 10,4 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

Премьер-министр Асқар Маминнің басшылығымен өткен кездесуде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов облыстағы жолдардың сапасын жақсарту мен қаржыландыру қағидаттарын айрықша атап өтті.

Жалпы 2020-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту бағытында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс жалпы сомасы 52 миллиард теңгеге 82 жобаны іске асыруды ұсынды. Егер бұл жобалар мақұлданса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 2025 жылы 100 пайызға жетпек.