Басты бағыт – егіс алқаптарын әртараптандыру және суармалы сумен қамтамасыз ету

Басты бағыт – егіс алқаптарын әртараптандыру және суармалы сумен қамтамасыз ету

Қыстың аяқталуына санаулы күндер қалды десек, дәл қазір көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын пысықтайтын сәт. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен кеңесте қаралды.

Облыс әкімі басты мәселелердің бірі ретінде суармалы сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

- Қыс салыстырмалы түрде жылы болды. Биылғы жылы қар былтырғыға қарағанда 40-50 пайызға аз түсті. Демек, суармалы су мәселесі тағы да туындайды. Әдеттегідей, облысты сумен қамтамасыз ету Қырғызстанмен жасалған келісімге байланысты. Сондықтан өткен жылдың қыркүйек айында мен ауыл шаруашылығы алқаптарын одан әрі ұлғайту мақсатында өңірдегі су қоймаларының су балансын зерделеуді тапсырған болатынмын. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасына ылғалдың көп мөлшерін қажет етпейтін ауыл шаруашылығы дақылдарын игеруді қолға алу тапсырылды. Мұның бәрі облыстың азық - түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істеуі тиіс, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, биыл облыстың егістік алқабы 735 мың гектардан 760,8 мың гектарға, яғни 25,8 мың гектарға ұлғайған. Оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдарының алқабы 19,5 мың гектарға, жем-шөп дақылдары алқабы 14,2 мың гектарға ұлғайды. Егістік алқаптарының ең көп өсіміне Қордай және Шу аудандары аумағында қол жеткізілген.

- Қазіргі уақытта 71,3 мың тонна тұқым дайындалды, оның 67,6 мыңы – бірінші немесе үшінші репродукциялы. Қалған тұқымдар, яғни шамамен бес пайызы элитаға жатады. Ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі егіс жұмыстарына 95 пайызға дайын, - деді Қ.Аманов.

Облыс әкімі өткен жылдың соңында көтерілген ауылшаруашылық брендтерін қалыптастыру идеясына тағы да тоқталды.

- Бізде таңқурай, құлпынай, пияз, сарымсақ, алма өсіруге қолайлы жағдай бар. Балық шаруашылығы мен бал өндірісін ұлғайтуға да мүмкіндік жеткілікті. Бұл аймақ экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Болашақта біздің өнім шетелдерге де шығуы керек. Мақсатымыз – импортты азайту, экспортты арттыру, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Қайрат Аманов биыл құлпынай өсірілетін алқап 35 гектарға ұлғаятынын тілге тиек етті. Бал өндірісінің көлемі де артпақ. Егер 2020 жылы 400 тонна бал өндірілсе, 2021 жылы оны 700 тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Аймақ басшысы омарташыларға қолдаудың барлық түрлерін көрсетуді, соның ішінде мемлекеттік субсидиялармен қамтуды тапсырды.

Сондай-ақ, ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

- Біз жыл сайын тек бір дақылдарды екпеуіміз керек. Сіздер нарыққа назар аударып, жоғары сұранысқа ие дүниелерді бақылаңыздар. Өзімізді барлық қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және сол арқылы бағаны тұрақтандыру үшін аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі саласына барынша қамқорлық таныту қажет, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Егістікті суармалы сумен қамту мәселесіне көңіл бөлген аймақ басшысы барлық қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануды, атап айтқанда, жер асты суларының қорларын зерттеу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ барлық су ресурстарының теңгерімін зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар, ал «Қазсушар» РМК мен «су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы» РГП өңір су қоймаларының жобалық сыйымдылығын қамтамасыз ету керектігін баса айтты.

Бердібек Сапарбаев мал өсірушілерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. Өзінің орынбасары Берік Нығмашевқа облыстың орман қорын осы мақсаттарға пайдалану бойынша жұмыстар жүргізуді міндеттеді.

- Мен ауыл тұрғындарынан жайылымдардың жетіспеуіне қатысты шағымдарды жиі естимін. Бізде бос жерлер бар, оларды шаруа қожалықтарына ондағы малдың санына қарай беруге болады, - деді облыс әкімі.

Биыл Қазақстанда Ұлттық халық санағы өтетіні белгілі. Жамбыл облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев бұл маңызды шараға дайындық барысы туралы баяндады.

- Арнайы комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленеді. Санақ интернет арқылы электронды форматта жүргізіледі, - деп түсіндірді ол.

Бердібек Сапарбаев атап өткендей, облыстың барлық тұрғындарының Ұлттық санаққа қатысуының маңызы зор, өйткені оның нәтижелері одан кейінгі жылдары облыстық бюджеттің қалыптасуына, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың әзірленуіне және сол арқылы экономиканың түрлі салаларының дамуына әсер етеді.