Жамбыл облысының ауруханалары 1,2 млрд теңгеге коронавирусқа қарсы препараттармен қамтылды

Жамбыл облысының ауруханалары 1,2 млрд теңгеге коронавирусқа қарсы препараттармен қамтылды

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтің төрағалығымен өткен коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб отырысында облыстағы эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ вакцинация мәселелері сараланды.

28 қаңтардағы жағдай бойынша облыста COVID-19 ауруының 5494 жағдайы және вирустық пневмонияның 946 жағдайы тіркелген. Коронавирустан 63 адам қайтыс болған. Өткен тәулікте Жамбылда коронавирустың 24 дерегі анықталып, тәуліктік өсім 0,4 пайызды құрап отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев хабарлады.

- Бүгінгі таңда инфекциялық стационардағы 1200 төсектің 460-ы жүктелген, 45 науқас реанимацияда ем алуда. Карантиндік стационарда 18 адам, үй карантинінде 1741 адам жатыр,- деді басқарма басшысы.

Ол сонымен қатар соңғы аптада облыста коронавирустың 152 жағдайы тіркелгенін айтты. Әсіресе, Тараз, Шу, Жамбыл және Байзақ аудандарында жағдай шиеленісе түскен.

- Соңғы екі аптада коронавирус белгілерімен байланысты жедел жәрдемді шақыртулар саны 491-ден 599-ға дейін өссе, ал пневмониямен, керісінше, 87-ден 48-ге дейін азайды, - деп атап өтті Ә.Қалиев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы елімізде коронавирус бойынша жағдайдың нашарлауына байланысты өңірімізде инфекциялық стационарлық екі мың төсектен тұратын резерв дайындалуда, оның 200-і реанимациялық екенін тілге тиек етті.

- Өңірдің барлық медициналық ұйымдары жалпы сомасы жеті миллиард теңгеге дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Оның 1,2 миллиард теңгесі коронавируспен күреске қажетті препараттарға жұмсалды. Тапшылық жоқ, - деп атап өтті Әсет Қалиев.

- Біздің өңір әзірге "жасыл" аймақта тұр, алайда елдегі және облыстағы жағдай шиеленісе түсуде, қырағылықты жоғалтуға болмайды, - дейді Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Салтанат Әлібаева.

Аймақ басшысы вакцинацияға дайындық барысын сұрады. Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация осы жылдың ақпан айында басталады.

- Жамбылдықтарға екі вакцина ұсынылады. Оның бірі – ресейлік "Спутник V", ал екіншісі отандық вакцина. Жаппай вакцинациялау үшін 140 медициналық қызметкер оқытудан өтті, - деп жауап берді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев QazCovid-вакцинасын сынақтан өткізу аясында коронавирусқа қарсы вакцина алған еріктілердің жай-күйін сұрады.

- Оларда барлығы жақсы, барлық көрсеткіштер қалыпты, - деп жауап берді Ә.Қалиев.

Аймақ басшысы вакцинация мәселесін ерекше бақылауда ұстап, бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

- Жаппай вакцинациялаудың маңыздылығын облыстың әрбір тұрғынына жете түсіндіру қажет, өйткені мұның бәрі олардың денсаулығы үшін жасалуда, - деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан соң аймақ басшысы облыс орталығындағы және жағдайы нашар аудандардағы коронавирус бойынша жауапты тұлғаларға жүгінді. Әкімдердің орынбасарлары бұл мәселені бақылауда ұстап, ахуалды жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандарына сендірді.

- Таразда 13 мобильді топ жұмыс істеуде, олар тұрақты түрде ойын - сауық орындарына рейдтер жүргізіп, азаматтарға пандемия кезінде өз денсаулығына немқұрайлы қараудың салдарын түсіндіруде. Күн сайын қоғамдық көлікте бірнеше рет дезинфекция жүргізіледі. Біз бар күш-жігерімізді салып, аянбай жұмыс жасап жатырмыз, - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.

- Егер сіздер шынымен аянбай жұмыс жасап жатсаңыздар, онда неге нәтижесі көрінбейді? - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өңірдегі жағдайдың нашарлап бара жатқанын, өйткені мобильді топтардың кейбір мүшелері бұзушылықтарға көз жұма қарайтынын, адамдардың босаңсып кеткенін, карантин режимін сақтамайтынын ашып айтты.

- Бұл жағдайда жауапты тұлғаларды қызметінен босату мәселесін қарастыратын кез келді. Олар қашан жұмыс істейді деп күтіп отырудың қажеті жоқ, - деп Бердібек Сапарбаев қатаң сыңға алды.

Жиын соңында өңір басшысы облыстық ішкі саясат басқармасына коронавирустық инфекция мәселесі бойынша түсіндіру шараларын күшейтуді, ардагерлер кеңесімен де ынтымақтастықта жұмыс жасауды тапсырды. Өйткені, осы аға буын өкілдері қазір тыйым салынған тойлардан қалмайтынын, бұл олардың денсаулығы үшін өте қауіпті екенін жеткізіп, аймақтағы беделді ақсақалдар оған ықпал ете алатынын алға тартты.

- Расында, тұрғындар босаңсып кетті, содан облысымыз "сары" аймаққа ену қаупінде тұр. Мұның салдары сіздерге белгілі. Қазір әрқайсымыз коронавируспен күреске бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.