Бердібек Сапарбаев: Осы қарқынды төмендетіп алмауымыз керек

Бердібек Сапарбаев: Осы қарқынды төмендетіп алмауымыз керек

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарларының, аудан және бірқатар ауыл әкімдері, басқармалар мен департаменттер басшылары, үкіметтік емес сектор мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Онда 2020 жылдың жұмыс нәтижелері мен ағымдағы 2021 жылға арналған міндеттер сараланды.

Талқылауға кіріспес бұрын облыс әкімі жалпы өңірді одан әрі дамыту үшін жақсы негіз қаланғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Экономикалық өсім 2,2 пайызды құрады, 19 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 4,9 пайызға төмен, инфляция да төмен өсімді көрсетті. Аймақ басшысының айтуынша, ағымдағы жыл өткен жылдарға қарағанда оңайға соқпауы мүмкін, сондықтан бұған дейінгі қалыптасқан қарқынды ұстап тұру үшін барлық әлеуетті пайдалану қажет.

Басқосуда бірінші болып баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаевтың айтуынша, экономиканың негізгі бағыттары – өнеркәсіп, сауда, көлік, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй салаларындағы көрсеткіштер республикадан жоғары деңгейде қалыптасқан. 77,4 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған, 531 мың жамбылдық жалпы сомасы 48,4 млрд. теңгені құрайтын әлеуметтік көмекке қол жеткізген. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 23,2 пайызға жетті. Дегенмен, өңірді дамыту бағдарламасының төрт индикаторына қол жеткізілген жоқ, Олар: ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар НКИ, ана өлімі және көше қылмысы. Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу аудандары мен Тараз қаласында, денсаулық сақтау, жастар саясаты мәселелері және дін істері басқармалары бойынша қаражат толық игерілмеген.

Талғат Мамаев облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындардың жергілікті салық базасында тіркелген-тіркелмегеніне талдау жүргізуді ұсынды, бұл ең алдымен жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты.

- Салық базасын кеңейту, электр энергиясының тарифтерін төмендету қажет. Әлеуметтік нысандарды салмас бұрын елді мекеннің болашағына зерделеу жүргізген дұрыс, - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің тағы бір орынбасары Ұлан Жазылбек құрылыс қарқыны туралы хабарлап, ол бойынша көрсеткіш 128,2 пайызды құрағанын жеткізді. 38 көппәтерлі тұрғын үй тапсырылған. Жалпы облыс бойынша барлығы 160 нысан толық пайдалануға берілді.

Ұлан Жазылбек жекелеген мердігерлердің жұмыс кестесін бұзуы туралы егжей-тегжейлі баяндап, жобалаушылардың жұмысының әліздігін тілге тиек етті. Кейбір жамбылдық құрылыс компаниялары 80-90 жобадан алып алып, содан кейін оларды игере алмай жатады.

Бүгінгі таңда 2021 жылдың бюджетінде 49,3 миллиард теңгеге 160 құрылыс жобасы қаралған. Жолға әзірге 3,7 миллиард теңге бөлінгенімен, республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаржы бағыттау мүмкінідігі бар.

Сумен жабдықтаудың төрт нысаны бойынша әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау актілері жоқ, 38 нысан бойынша ЖСҚ дайындау барысы кешіктірілуде. Газ саласында 21 нысан салынса, тағы 10-ы ағымдағы жылы аяқталмақ. 2012-2019 жылдары салынған нысандарды "ҚазТрансГазАймақ"АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі де тиісті шешімін таппай отыр.

- Тұрғындарға шағын ауылдарға су құбырын тарту және газ құбырларын жүргізу қисынсыз екенін түсіндіру керек. Ұңғымаларды, мобильді жабдықтарды пайдалану қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды газ отынына ауыстыру мәселесі де шешуді талап етеді. Мәселелерді біртіндеп шешу керек, өйткені, бюджеттің мүмкіндігі бәріне бірдей жете бермейді. Облыста созылмалы құрылыстар әлі де көп. Тараз әуежайынан рейстерді арттыру үшін авиатасымалдаушылармен, Азаматтық авиация комитетімен тығыз жұмыс істеу керек. Қазіргі таңда бірде-бір халықаралық рейс жоқ. Неліктен жамбылдықтар Шымкент арқылы ұшуға мәжбүр? – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев өнеркәсіп, туризм, шағын және орта бизнестің дамуына, негізгі капиталға салынған инвестициялар мен бөлшек сауда көлеміне, "Бизнестің жол картасы-2025", "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасы" және "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.

- Тоқтап тұрған кәсіпорындармен белсенді жұмыс жүргізу керек. Электрондық сауданы, Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақты дамыту, бағдарламаларды іске асыру кезінде қазақстандық қамтуды ұлғайтуға аса көңіл бөлген абзал, - деді облыс әкімі.

Денсаулық сақтау саласы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев дәрігерлер көрсететін қызметтердің сапасына қатысты шағымдардың артқанын атап өтті. Жамбылдық түлектер арасында ҰБТ нәтижелері де ойдағыдай емес. Мәдениет саласындағы бес мыңнан астам іс-шара онлайн форматта өтті. Спикер жастарға арналған гранттар мен шағын несиелердің санын көбейтуді ұсынды, бұл өз кезегінде олардың арасындағы қылмыстық ахуалға да оң әсер етеді деп есептейді. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша Тараз қаласының, Жуалы, Сарысу және Меркі аудандарының әкімдері төмен бағаға ие болған.

- Қоғамдағы көңіл-күйді, адамдардың көзқарастары мен қажеттіліктерін түсінуге негізделген әлеуметтік сауалнамалар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Қайырымдылық шаралардан көзбояушылық жасаудың қажеті жоқ, бәрі шынайы ниетпен орындалуы тиіс. "Асарлатып үй салу" жобасы тек жеке отбасының тұрғын үй мәселесін ғана шешіп қоймай, жергілікті қоғамдастықтың бірігуіне, неғұрлым берік қарым-қатынас орнатуға ықпал етуі керек. Өткен жылы "Бейбітшілік пен келісім", "Үлгілі ауыл", "Көшпелі қоғамдық қабылдау", "Түлек.кз" және басқа да игі жобалар қолға алынды. Олар жалғасуы тиіс. Әкімдер әлеуметтік желілермен өзара іс - қимылды, қоғамдық пікір көшбасшыларымен жұмыс істеуді үйренуі қажет, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Ал, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы 5,3 пайызға өсіп, егістік алқап 735 мың гектарды құрады. Облыстың азық-түлік брендтері ретінде ол пияз, бал, ірімшік және балықты атап өтті. Әр ауданда кем дегенде тағы бір әлеуметтік павильоннан салу керектігі айтылды. Бүгінде Берік Нығмашев тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы жүзеге асқан ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесулер өткізуде. Су қорын құру үшін арнайы жұмыс тобы жұмыс істеуде. Екі жылдан бері әрбір ауылдық елді мекенді ветеринарлық пунктпен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей келеді.

- Ең бастысы – жерді тиімді пайдалану, суармалы алқаптарды ұлғайту. Өткен жылы су аз болды, биыл одан да аз болуы мүмкін. Сондықтан егістіктерде су үнемдеу технологияларын, жаңбырлатқыш қондырғыларды белсендірек енгізіп, қайта өңдеуді дамыту қажет, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, жиында Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов округтің дамуы туралы есеп берді. Ондағы мәселе де – жеке тұрғын үй құрылысы үшін жердің жетіспеушілігі, сондай-ақ темір жол өткелінде көпірдің болмауы.

Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең негізгісі – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық екенін баса айтты. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы атап өтіледі. Мерекені жоғары жұмыс көрсеткіштерімен қарсы алуға тиіспіз. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту қажет, өйткені COVID-19 ауруын жұқтырғандардың саны артып келеді. Барлық әкімдер есеп беру науқанына мұқият дайындалып, халық көтерген мәселелерді шешуге айрықша назар аударуы аса маңызды.