Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу зауытының іске қосылу рәсіміне қатысып, өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
– Бүгін біз өңір экономикасы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қысқа мерзім ішінде мұнда заманауи өндіріс іске қосылып, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу саласы және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бұл жоба өңірге ірі инвестициялардың тартылып, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарының құрылып, экономикалық өсудің жаңа нүктелері қалыптасып жатқанын көрсетеді, – деді өңір басшысы.
Іске қосылған зауыт – Орталық Азиядағы аминқышқылдарын өндіретін алғашқы кәсіпорын. Жобаның үш кезеңін жүзеге асыруға жалпы көлемі шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары болатын инвестиция тарту жоспарланған. Жоба аясында шамамен 1 500 жұмыс орнын ашу көзделген.
Жобаның алғашқы кезеңінде кәсіпорын жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдейді. Зауыт толық қуатына шыққан кезде бұл көрсеткіш жылына 3 млн тоннаға дейін жеткізіледі.
Кәсіпорын аминқышқылдарын өндіруге маманданған. Негізгі өнім түрлерінің қатарында изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин бар. Олардың бірқатары адам ағзасы үшін аса маңызды. Кәсіпорын өнімдері тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, биотехнология саласында, сондай-ақ арнайы тағамдар мен жемшөп қоспаларын өндіруде кеңінен қолданылады.
Дайын өнімнің 80 пайызын экспортқа шығару, ал 20 пайызын ішкі нарықта өткізу жоспарланып отыр.
– «Shengtai Biotech» – Fufeng компаниясының Қытайдан тыс жерде салған алғашқы өндірістік кешені. Кәсіпорынның жұмыс істеуі үшін қомақты көлемде шикізат қажет. Алғашқы кезеңде жылына шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа әрі тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Сондықтан өңір шаруаларымен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Аграршыларды жүгері алқаптарының көлемін ұлғайтып, өнімдерін зауытқа жеткізуге шақырамыз, – деді «SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» ЖШС басшысы Ван Яньдун.
Өңір басшысының айтуынша, кәсіпорынның іске қосылуы облыс шаруалары үшін де айрықша маңызға ие.
– Біз үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, өңірдің өз ішінде толыққанды өңдеу тізбегін қалыптастыру маңызды. Зауыт жүгеріге тұрақты сұраныс қалыптастырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сенімді өткізу нарығын ұсынады. Сонымен қатар қосылған құны жоғары, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұның бәрі түптеп келгенде өңір экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда өңірдің инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
2026 жылдың сегіз айында облыс экономикасына 621,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,7 пайызға жоғары.
Биыл жалпы құны 471 млрд теңгені құрайтын 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.