
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болып, өрттен кейінгі ахуалды тексерді.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, қазіргі таңда өрт ошағының аумағы айтарлықтай қысқарып, жағдай тұрақты бақылауда. Полигонда бықсыған учаскелерді толық сөндіру, топырақпен жабу және қайта тұтанудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, полигондағы бықсыған ошақтарды толық жою жұмыстарын соңына дейін жеткізуді, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды, ауа сапасына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар полигондағы өрттің шығу себептеріне жан-жақты талдау жүргізіп, қалдықтарды орналастыру және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын зерделеу, сондай-ақ осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін кешенді алдын алу шараларын әзірлеу міндетін қойды.
Ербол Қарашөкеев жауапты қызметтерге полигонның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырып, бұл мәселе жеке бақылауында болатынын атап өтті.