Жасыл энергия, көлік-логистика, спорт және ауыл шаруашылығы: Облыс әкімі Жуалы ауданындағы бірқатар нысанды аралады

Жасыл энергия, көлік-логистика, спорт және ауыл шаруашылығы: Облыс әкімі Жуалы ауданындағы бірқатар нысанды аралады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды нысанның жай-күйімен танысты.
 
Алдымен аймақ басшысы Нұрлыкент ауылында орналасқан «Бурное Солар» ЖШС-ның жалпы қуаты 100 МВт болатын күн электр станцияларына барды. Екі станция жылына 145 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіреді. Кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 44 жергілікті тұрғын еңбек етеді.
 
Станция аумағында ауыл ақсақалдарымен кездесіп, өңірді дамыту және ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
 
Ербол Қарашөкеев өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында республикадағы жетекші аймақтардың бірі екенін атап өтіп, бұл салаға инвестиция тарту мен өндіріс көлемін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасуы тиіс екенін айтты.
 
Бұдан кейін облыс әкімі Нұрлыкент ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Әлеуметтік нысанның құрылысы 2025 жылдан өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда. Мердігер мекеме – «Сырым Блеке» ЖШС.
 
Өңір басшысы мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, ал аудан әкімдігіне жобаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
 
Сапар барысында Боранды станциясындағы вокзал ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарының барысы да зерделенді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 83 пайызы орындалған. Ғимараттың сыртқы қабырғалары мен ішкі бөлмелерін қалау, ішкі сылақ жүргізу, сыртқы әрлеу және терезелер орнату жұмыстары толық аяқталған. Нысанда 33 жұмысшы мен 3 арнайы техника жұмылдырылған.
 
Облыс әкімі теміржол вокзалдарын жаңғырту Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауындағы мәселе екенін атап өтіп, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына баса назар аударды.
 
Жұмыс сапары аясында Ербол Қарашөкеев Боранды станциясы маңында автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан жол өткелінің құрылысымен танысты. Сондай-ақ Ақтоған ауылындағы «Ренесанс» шаруа қожалығында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
 
Сапар қорытындысында облыс әкімі жауапты тұлғаларға барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтау, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.