Таразда халықаралық аналар форумы өтті

Таразда халықаралық аналар форумы өтті
Тараз қаласында «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» атты халықаралық форум өтті. Ауқымды жиынға еліміздің барлық өңірлерінен Аналар кеңесінің төрағалары мен белсенділері, сондай-ақ Түркия, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген делегациялар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
 
Форумның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, қоғамдағы ананың орны мен ұлт тәрбиесіндегі жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
 
– Ана – тіршіліктің бастауы, мейірімнің шуағы, тәрбиенің алтын діңгегі. Қазақ халқы ежелден «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деп, ананың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін айрықша бағалаған. Бүгінде саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аналардың еңбегі өлшеусіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ананың қоғамдағы орнына әрдайым ерекше мән беріп келеді. Сондықтан бүгінгі форумның тағылымдық мәні зор деп есептеймін, – деді ол.
 
Сонымен қатар Нұржан Календеров биыл 15 наурызда өткен референдум ел болашағын айқындаған маңызды саяси қадам болғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы кезеңде жамбылдықтар ел дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз таңдауларын жасап, жоғары азаматтық белсенділік танытқан. Бұл ретте Аналар кеңестерінің де қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласқаны айтылды.
 
Форум барысында халықаралық сарапшылар мен қоғам қайраткерлері отбасы институтын нығайту, әйелдердің қоғамдағы рөлі, рухани қауіпсіздік, ұлттық құндылықтар мен тәрбие мәселелері төңірегінде ой қозғады. Атап айтқанда, Түркия Республикасындағы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Еке Учан Нагехан, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Юлия Денисенко, ҚР Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Шолпан Каринова мен Айгерім Сәрсенбаева баяндама жасады.
 
Сондай-ақ республикалық Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері мен өңірлік ұйым жетекшілері ұлттық тәрбие, ысырапшылдықтың алдын алу, тарихи мұраны сақтау және қоғамдағы ананың рөлі жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
 
Форум аясында «Талбесік» этноорталығында аудандық Аналар кеңестері төрағаларының қатысуымен тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинар барысында еліміздің әр өңірінен келген Аналар кеңесінің өкілдері отбасы тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық келісімді нығайту және әлеуметтік қауіптердің алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы пікір алмасты. Этноорталықта өткен кездесуде Атырау, Алматы, Жетісу, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарының, сондай-ақ республикалық этномәдени бірлестіктер жанындағы Аналар кеңестерінің өкілдері баяндама жасады.
 
Бұдан бөлек, қонақтар Тараз қаласындағы тарихи-мәдени нысандар – Қарахан және Айша бибі кесенелеріне зиярат етті. «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысып, облыстық А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында сахналанған «Ғашықсыз ғасыр» қойылымын тамашалады.
 
Екі күнге созылған халықаралық форум марапаттау рәсімімен қорытындыланды.