2026 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының экономикалық өсімі 18,4 пайызды құрады. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева кеңейтілген әкімдік мәжілісінде мәлімдеді.
Бірінші тоқсан нәтижесі бойынша өсім экономиканың барлық салаларындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,6 пайызға, ауыл шаруашылығы – 1,9 пайызға, құрылыс – 52,7 пайызға, сауда – 3,6 пайызға, көлік – 18,3 пайызға, байланыс – 2,2 пайызға артты.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров төрағалық етті.
Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, өнеркәсіп саласында 355,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы өнеркәсіп құрылымында 63,9 пайыз үлеске ие өңдеу өнеркәсібінде 227 млрд теңгенің өнімі шығарылып, бұл көрсеткіш 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны бойынша облысты республикадағы үздік бестіктің қатарына енгізді.
Ауыл шаруашылығы саласында 45,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артты. Ет өндірісі тірі салмақта – 1,4 пайызға, сүт – 1,8 пайызға, жұмыртқа – 34,2 пайызға өскен. Сондай-ақ ірі қара мал саны – 2,8 пайызға, қой – 4,4 пайызға, жылқы – 13,6 пайызға, құс – 10,7 пайызға көбейген.
Негізгі капиталға 218,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны бойынша облыс республика өңірлері арасында 1-орынды иеленді. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 214,3 млрд теңгені құрап, жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 98 пайыздан асты.
Құрылыс саласында 60,7 млрд теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 52,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында 2-орынға ие болды. Есепті кезеңде 150,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
2026 жылы тұрғын үй құрылысына 14,9 млрд теңге бюджет қаражаты қарастырылған. Қазіргі уақытта жалпы 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй қорын арттыру мақсатында республикалық бюджет есебінен 4,9 млрд теңгеге 350 пәтер сатып алынады.
Сондай-ақ сауда айналымы 229,3 млрд теңгені құрады. Көлік қызметтері 18,3 пайызға артты. Оның ішінде көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау 1,5 есеге, тасымалданған жолаушылар саны 1,4 есеге (26,8 млн адам), ал жолаушылар айналымы 25,5 пайызға өсті.
Мәжілісте қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары 2026 жылға жоспарланған барлық көрсеткіштер толық әрі сапалы орындалуы тиіс екенін атап өтіп, кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.