Елімізде тұрғын үй мәселелерін кешенді түрде шешуге бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бар. Ол бағдарламалардың облыс аумағында жүзеге асыру барысы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев 1 қарашадағы жағдай бойынша баспана кезегінде 28 766 адам тұрғанын айтты. Жыл басынан бері 543 кезектегі тұрғын мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алған.
- Кезекте тұрғандар саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, аудандарда құрылыс қарқыны төмен күйінде қалып отыр. Мәселен, соңғы үш жылда Меркі және Мойынқұм аудандарында кезекте тұрғандарға бірде-бір пәтер берілмеген. Байзақ және Жуалы аудандарында тек екі үйден, Т.Рысқұлов ауданында төрт үй пайдалануға берілген, - деді Қ.Қорғанбаев.
Аудан әкімдері ақталуға тырысқанымен, аймақ басшысы егер нәтиже болмаса, ешқандай сылтау көмектеспейтіндігін баса айтты.
- Жамбылдықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бір құрылымның ғана міндетіне кірмейді. Бұған жергілікті әкімдіктер де, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы да жауапты. Барлығы атсалысуы керек. Аудандарда бос үйлер көп. Басқарма әкімдіктермен бірлесіп, оларды реконструкциялау үшін инвесторларды тартуға тиіс. Мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсыныңыздар, - деді Бердібек Сапарбаев.
Қ.Қорғанбаевтың айтуынша, жыл басынан бері "Шаңырақ" пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 68 тұрғын, "Бақытты отбасы" бойынша – 343 тұрғын, "7-20-25" бойынша - 175 тұрғын несиеге қол жеткізген.
- Көрсеткіштерге көңіл көңшітпейді. "7-20-25" бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша біздің облыс соңғы орында тұр. Бұл бірінші кезекте Тараз қаласы әкімінің олқылығынан дер едім. Өйткені, кезекте тұрғандардың басым бөлігі облыс орталығынан тіркелген. Қала әкімі бұл мәселені дер кезінде шеше алмады. Әкімдіктер банктермен бірлесіп тұрғын үй бағдарламаларының барлық тетіктері мен артықшылықтары туралы жан-жақты түсіндіруі тиіс, - деп тапсырды облыс әкімі.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жайы қаралды. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жер телімін алу үшін 124 698 адам кезекте тұр. Жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов олар бойынша құрылған бірыңғай база туралы хабарлады (http://izhs.uzo-zhambyl.kz).
- Жер кодексі бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін су және электр желілерімен қамтамасыз етілген аумақтардан ғана жер телімдерін беруге рұқсат етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер телімдерін беруге электр желілері тартылған кезде ғана жол беріледі. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тиісінше көңіл бөлінбеуде. Нәтижесінде кезекте тұрғандар саны артып келеді, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров.
Бердібек Сапарбаев аталған басқарма басшысы тек фактілерді айтып ғана қоймай, жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қабылдауға міндетті екенін атап өтті.
- Неліктен бұл мәселені ешкім бақыламайды? Аудандарда бірнеше жыл қатарынан жобалық-сметалық құжаттамалар уақытылы әзірленбейді. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытудың 2022 жылға дейінгі Картасына сәйкес келер жылға 76 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс жүргізу жоспарланған болатын, бірақ қазіргі таңда оның тек 15-і ғана дайындалған. Біз мұндай қарқынмен бұл мәселені жуық арада шеше алмаймыз. Тұрғындар 2006-2007 жылдардан бері әлі күнге дейін кезекте тұрғандарын айтып, шағымдануда. Олардың наразылығы орынды. Тұрғындар өздері үй салғысы келеді, бірақ біз ол үшін тіпті жер бөліп бере алмай отырмыз. Әкімдер бұл мәселеге немқұрайлы қарайды, оларға бәрібір. Олардан осы іске деген талпыныс көрінбейді. Республикалық бюджеттен аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Тек оны уақытылы әрі сапалы игеру қажет. Құрылыс басқармасы бұл жұмыстарды үйлестіре алмауда, - деді облыс әкімі.
Жер теліміне кезекте тұрғандардың көпшілігі (70 мыңнан астам) Тараз қаласында тіркелген.
- Жерді тиімді және ұтымды пайдалану бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, Құмшағал және Шалғай Қарасу алқаптарында жеке тұрғын үй құрылысына 369 гектар жер бөлінген. 60 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қалып отыр. Жергілікті бюджеттен ақша бөлініп те қойды, - деп хабарлады Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев.
- Пайдаланылмай жатқан қанша гектар жер анықталды? - деп сұрады аймақ басшысы.
А.Қарабалаевтың айтуынша, барлығы 1247,6 гектар жер анықталды, оның 309 гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Бірнеше іс сотқа жолданыпты.
- Соттармен өзара әрекет жасасып, нақты жоспар құрып, бәрін назарда ұстап отыру қажет, - деп талап етті облыс әкімі.
Ол сондай-ақ бұған дейін тұрғын үй салу үшін инвесторларды тарту қажеттілігі туралы бірнеше рет айтылғанын, ал тиісті бақылаудың жоқтығынан пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару жұмыстарының әлсіздігін еске салды.
- Ешкім нақты әрекет жасамайды. Жауапты тұлғалар кемшіліктерді түзеуге асықпайды. Кезекте тұрғандар жеке тұрғын үй салу үшін жылдар бойына заңды жерлерге қол жеткізе алмай келеді, ал көптеген учаскелер бос және пайдаланусыз жатыр, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Бұл мәселені жан-жақты талдау облыс әкімінің орынбасарлары Ұлан Жазылбек пен Берік Нығмашевке арнайы тапсырылды.
- Өкінішке орай, жұмыстар әлсіз жүргізілуде. 28 мыңнан астам адам баспана кезегінде, 120 мыңнан астам адам жер телімі кезегінде тұр. Облыс халқының жалпы санымен есептесек, бұл өте көп. Менің атыма кезекте тұрғандардан шағымдар күн сайын келіп түседі. Мен оларды да түсінемін. Әкімдер құжаттармен ұзақ уақыт айналысып қана қоймай, инфрақұрылымы бар дайын учаскелерді де тұрғындарға үлестіріп беруде сылбырлық танытуда. Олар істелмеген жұмыс үшін сан түрлі сылтау ойлап табады. Сіздердің басты міндеттеріңіз – халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау екенін ұмытпаңыздар, - деді аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне ескерту жасап.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев кезекте тұрған адамдар өз нөмірлерін және тұрғын үй мәселесіне қатысты басқа да ақпараттардан хабардар бола алуы үшін электронды базаның жұмысын жүйеге келтіруді тапсырды.
Сонымен қатар, тиісті бақылаудың жоқтығынан, пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару жұмыстарының әлсіздігін атап өткен облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
Осы күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровқа Президенттің Алғысы мен «Барыс» омырау белгісін, 60 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын табыстады.
- «Казфосфат» ЖШС – Қазақстанның перспективалы кәсіпорындарының бірі. Серіктестік жаңа технологияларды енгізуде белсенділік танытып және нарық талаптарын ескере отырып, шетелдік тәжірибені сәтті қолдануда. Мұның барлығына сіздің шебер басшылығыңыздың арқасында қол жетуде. Жерлестеріңіз сізді табысты тұлға ғана емес, сонымен қатар меценат ретінде де таниды. Жеңістеріңіз мен жетістіктеріңіздің көбейе беруіне ниеттеспін. Денсаулық, бақыт және жарқын болашақ тілеймін, - деп Бердібек Сапарбаев ізгі лебізін білдірді.