Т. Рысқұлов ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бағлан Қазиев, аудан әкімі Ернар Есіркепов, сондай-ақ аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен белсенді жастар қатысты.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде табиғи су көздерін қорғауға бағытталған «Мөлдір бұлақ» акциясы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.
– Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақыл сөз бар. Бұл акция өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Барша қатысушыларға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын табатынына сенімдімін, – деді өңір басшысы.
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ақ батасын берді.
Акция аясында Құлан ауылындағы Сұлутөр тау бөктерінде бұлақ көзі ашылып, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
– Бүгін құландық жастар жауын-шашынға қарамастан бірігіп, бұлақтың көзін ашып, айналасын күл-қоқыстан тазартты. Бұл – туған жер алдындағы ортақ парызымыз, – деді белсенді жас Жандос Руслан.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясына 18 мыңнан астам адам және 850 кәсіпорын мен мекеме қатысты.
Сенбіліктер барысында 45,8 мың түп жасыл желек отырғызылып, 1,8 мың шақырым көше жолдары, 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар, сондай-ақ 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы тазаланды. Сонымен қатар 1,8 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.