
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында өңірімізде өңдеу өнеркесібін дамыту шаралары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Осы тұрғыда Шу ауданы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағындағы Shengtai Biotech Co., Ltd (Fufeng Group) компаниясының жүгеріні терең өңдеуге бағытталған заманауи өндірістік кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Үш кезеңнен тұратын алып жобаның қазіргі уақытта бірінші кезеңнің құрылысы толық аяқталды.
Аминқышқылдары өндірісіне маманданған зауыттың негізгі өнімдері – изолейцин, лейцин, валин, треонин, глутамин және цитруллин.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 21 наурызында кәсіпорында изолейцин және лейцин өнімі шығарылды (техникалық өнім ретінде). Бұл өндіріс Қазақстан үшін жаңа бағыт болып табылады және аталмыш өнімдер Орталық Азия бойынша елімізде алғаш рет өндіріліп отыр. Бұл – адам ағзасына қажетті, алмастырылмайтын тармақталған тізбекті аминқышқылдар (BCAA).
Қазіргі уақытта өндірісті толық іске қосу үшін нақты шаралар қабылдануда.
Жалпы, жоба Fufeng Group корпорациясының инвестициялық бастамасы болып табылады. Инвестиция көлемі – 1,5 млрд АҚШ доллары, ал зауыт аумағы – 400 гектар. Толық іске қосылған кезде жылына 3 млн тонна жүгері терең өңделіп, 1700 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнімдерді Орталық Азия, Еуропа, Африка және Америка елдеріне экспорттау жоспарланған.