
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы дамудың кең перспективаларын айқындап берді десек, ондағы міндеттерді жүзеге асыруға бәріміз жұмыла атсалысуға тиіспіз.
Маңызды құжатты азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Жергілікті жерлердегі жағдайдан хабардар адамдар мемлекеттің саясатын қарапайым, жалпақ тілмен түсіндіруі тиіс. Бұл мақсатта ақпараттық-насихаттау топтары құрылған.
Аппарат мәжілісінде ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа үгіт-насихат топтарының атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Ауыл тұрғындарына Жолдаудың негізгі ережелерін 11 облыстық және 75 аудандық топ мүшелері түсіндірді. Олар 27000 тұрғынды қамтыған 700-ден астам кездесу өткізді.
Дауыл Бейсенқұлов тұрғындардың жоғары белсенділігін атап өтті. Олар іс-шараларға ықыласпен қатысты, өз ой-пікірлерін ортаға салған. Кездесулерде кейбір әлеуметтік сипаттағы мәселелер де талқыланыпты.
Бердібек Сапарбаев түскен ұсыныстар бойынша жұмыстар жүргізуді, олардың шешімін олардың қисынды шешімін шығарып, соңына дейін жеткізуді тапсырды.
- Ақпараттық-насихат топтарының міндеті – тұрғындарға Жолдауды түсіндіру, мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат беру, сұрақтарға жауаптар қайтару. Дегенмен, жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың қорытындылары күткен нәтижелерге қол жетпегенін көрсетіп отыр. Аудандарда Жолдау туралы білмейтін тұрғындар әлі де бар. Кейбіреулері оның мәні мен мазмұнынан, тіпті ондағы басым бағыттардан бейхабар, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев Байзақ, Меркі, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарындағы түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі туралы бірқатар ескертулер жасады.
- Егер тұрғындар Жолдаудың міндеттері мен мақсаттарынан хабарсыз болса, ақпараттық топтарды не үшін құрдық? – деді облыс әкімі.
Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың алдында ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын күшейту міндеті тұр.
- Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан басшылары, қоғам белсенділер, депутаттар үнемі сұхбат беріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары жергілікті жерлерде, оның ішінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бойынша қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы әңгімелеп отыруы тиіс,-деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.
Аппараттық кеңестің күн тәртібінде тағы бір мәселе қаралды. Облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек азаматтардың өтініштерінің қаралу барысы туралы есеп берді.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында заңды және жеке тұлғалардан жергілікті атқарушы органдарға 31357 өтініш келіп түскен десек, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға артық. Облыс тұрғындарын баспана, әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері толғандырады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үнінен құлақ асатан мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі аппаратының құрылымында өтініштермен жұмыс жасайтын арнайы бөлім құрылды, - деді Қанатбек Мәдібек.
Облыс әкімі халықпен кері байланысты жақсартудың алгоритмін құрудың маңыздылығына тоқталды.
- Ешбір шағымды ескерусіз қалдыруға болмайды. Мемлекеттік органдардың міндеті – мәселелерге құлақ түру және оның оңтайлы шешімін табуға тырысу. Жергілікті атқарушы органдар азаматтардың жоғары органдарға баруын күтпестен, өтініш берушінің мәселесін өз деңгейінде тезірек шешудің маңыздылғын түсінуі керек, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.