Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыс орталығы – Тараз қаласындағы қар тазалау және автожолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының барысын тексерді.
Аймақ басшысы орталық алаңнан бастап, бірқатар шағынауданды аралап, нақты ахуалмен танысты.
– Облыстың басым бөлігінде толассыз қар жауып жатыр. Қаладағы жағдайды көзбен көрдік. Әкімдік мәліметінше, қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Дегенмен, тұрғындар тарапынан орынды сын-ескертпелер бар. Сондықтан жұмысты күшейтілген режимде жалғастыру қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы бұл ретте Әулиеата және Жібек жолы аудандары әкімдерінің ұйымдастырушылық қабілеті маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Шағынаудандар мен қала маңындағы тұрғын алқаптарды кезең-кезеңімен тазалау, жұмыстарды тікелей бақылауда ұстау міндеттелді. Сонымен қатар құрылыс компанияларының техникаларын да қар күреуге тартуды тапсырды.
– Қала тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Барлық ұжымдар мен кәсіпкерлік нысандар өз аумақтарын қардан тазалауға атсалысуы тиіс. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау маңызды, – деді облыс әкімі.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке коммуналдық қызметтердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру, әлеуметтік нысандар аумағын қардан тазалау және қоғамдық көліктер қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз ету жүктелді.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Алтай Әліге облыстың барлық аудандарын дағы жағдайды назардан тыс қалдырмау ескертілді.
Қазіргі таңда қала аумағында қар тазалау және инерттік материалдар себу жұмыстарына 486 жұмысшы мен 80 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.