
Жамбыл облысында ауа райының күрт бұзылып, қалың қар түсуіне байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес жолдарды тазалау және қысқы күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.
Жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы жағдайда ұстауға 21 мердігерлік ұйым тартылып, 178 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Облыс бойынша алдын ала дайындалған 14 925 тонна құмның 9 658 тоннасы және 1 500 тонна тұздың 920 тоннасы қолданыста бар.
Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қызмет көрсету үшін 11 мердігерлік ұйыммен келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта олардың қорында 5 350 тонна құмның 3 477 тоннасы және 535 тонна тұздың 340 тоннасы сақтаулы. Қысқы жұмыстарға 85 бірлік жол техникасы мен арнайы жабдықтар тартылған.
Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 10 мердігерлік ұйым жауапты. Бұл бағытта 93 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде.
Тараз қаласының көше желілерін қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жүзеге асырады. Қазіргі таңда мекеме күшейтілген режимге көшкен. Серіктестіктің қоймасында 2 600 м³ құм және 1 530 тонна тұз қоры бар. Жұмысқа 50 бірлік техника мен арнайы жабдық жұмылдырылған. 300-ден астам қызметкер жұмыс істеуде.
Cонымен бірге жолдарды тазалау жұмыстарына құрылыс компанияларының техникалары тартылуда. Қажет болған жағдайда қосымша ауыр техниканы жалға алу үшін қосалқы ұйымдармен келісімшарттар жасасу қарастырылған.
Облыс тұрғындарын ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауға және мүмкіндігінше алыс жолға шықпауға шақырамыз.