Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 2025 жылы жоғары нәтиже көрсеткен спорт саласының өкілдеріне құрмет көрсетті.
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында өткен салтанатты жиында «Жыл үздігі – 2025» атағының иегерлері марапатталды.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде мемлекет қолдауының арқасында спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға, сондай-ақ ұлттық, олимпиадалық, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерін өркендетуге ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
– 2025 жыл өңір спорты үшін мазмұнды да табысты болды. Облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел мен өңір абыройын асқақтатты. Бұл жетістіктер – спортшылардың табандылығы мен жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ сала мамандарының жүйелі еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да спортшыларымызды жан-жақты қолдап, спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Бүгінде Жамбыл облысында 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 112-сі биыл пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде тұрақты түрде спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 514,9 мың адамға жетіп, бұл облыс халқының 44,8 пайызын құрады (2024 жылы – 503,3 мың адам немесе 41,2 пайыз).
2025 жылы өңір спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі ресми жарыстарда 1 856 медаль жеңіп алды.
Салтанатты шара марапаттау рәсіміне ұласты.
«Жыл үздігі – 2025» атағы аясында 26 номинация бойынша 30 адамға дипломдар мен қаржылай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар спортты дамытуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат өңір басшысының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапатталды.
Жиында Жамбыл облыстық мәслихатының, Тараз қаласы әкімінің, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының марапаттары берілді.
Шара соңында таеквондошылардың спорттық қойылымы мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.