Байзақ ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Байзақ ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Жамбыл облысы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асатын заманауи спорт нысанында волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі үйірмелерімен қатар жаттығу залы жұмыс істейді.

Аталған кешеннің құрылысы Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, жобаның жалпы құны 302,5 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «Bek Stroy – 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев бұқаралық спорттың жастардың денсаулығын нығайтудағы және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Бүгінде Байзақ ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, 208 спорттық инфрақұрылым нысаны мен 45 шағын футбол алаңы халық игілігіне қызмет етуде.

Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров пен Байзақ ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Асқар Смайылұлы ашылу лентасын қиып, ақжаулықты аналар шашу шашты.

Жаңа спорт кешені кәсіби спортшылармен қатар, ауыл жастары мен тұрғындарының да бұқаралық спортпен айналысуына және салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік береді.