Ербол Қарашөкеев үздік педагогтерді марапаттады

Ербол Қарашөкеев үздік педагогтерді марапаттады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің үздік педагогтерімен кездесіп, оларды кәсіби жетістіктерімен құттықтады.
 
– Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Адам өмірінде ерекше із қалдырып, жүрегінен мәңгілік орын алатын тұлға – ол ұстаз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде білім саласын дамытуға, педагогтердің мәртебесін арттыруға, кәсіби деңгейін көтеруге айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін сіздердің бүгінгі жетістіктеріңізден, биік кәсіби белестеріңізден айқын көруге болады. Дарынды да тәрбиелі шәкірттеріңіз көбейе берсін! – деді Ербол Қарашөкеев өз құттықтау сөзінде.
 
Айта кетейік, өңірде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған 7 педагог бар. Биыл бұл жоғары марапатқа облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Мұхтар Талқанбаев иеленді.
 
2025 жылы республикалық «Үздік педагог» конкурсында өңірдің 3 ұстаз жеңімпаз атанды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог топ жарды. Бұған дейін жалпы 55 педагог «Үздік педагог» атанса, оның 22-сі – ауыл мектептерінің мұғалімдері.
 
Жамбылдық оқушылар да биыл жоғары нәтижелерге қол жеткізді: республикалық ғылыми жобалар байқауында 16 жыл қатарынан «Үздік команда» атанып келеді. Бұдан бөлек, республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды.
 
Салтанатты шара барысында білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ұстазға облыс әкімінің Алғысхаты, «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және қаржылай сертификаттар табысталды.
 
Кездесуде «Дарын» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Мұхтар Талқанбаев пен Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының тарих пәні мұғалімі Тоғжан Лаубай сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен құрмет үшін алғыс айтты.
 
Іс-шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.