Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен өңір активінің отырысы өтті.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жолдары жан-жақты талқыланды.
Мәлік Отарбаев Президент Жолдауы еліміздің келешек даму бағдарын белгілеп, мақсаттарға жетудің жеті стратегиялық бағытын нақты айқындап бергенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тәуелсіздікті ең жоғарғы құндылық ретінде айқындауы – еліміздің стратегиялық ұстанымы. Қанша мектеп, аурухана салынып, жаңа өндіріс орындары ашылып жатқаны – тәуелсіздіктің жемісі. Оны сақтау – әр азаматтың парызы.
Бірлік пен ынтымақ, сенім мен қолдау – қоғамның ең құнды қасиеттері. Осыны сақтай отырып, біз әділетті, қуатты, заманауи Қазақстанды бірге қалыптастырамыз. Баршаңыздың еңбектеріңіз жемісті болып, абыройларыңыз арта берсін, – деді ол.
Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, білім саласының ардагері Дамеш Ускумбаева және Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы сөз сөйледі.
Айта кетейік, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Байзақ және Жуалы аудандарының халқымен, сондай-ақ өңірдің белсенді жастарымен кездесуі жоспарланып отыр.