Өткеннен сабақ алуымыз керек

Өткеннен сабақ алуымыз керек

Тамыз айынан бастап облыста COVID-19-бен ауыру дерегі азайған. Қазір дертті жұқтырудың бірер дерегі ғана кездеседі. Тұрғындар алаңдауға негіз жоқ деп тауып, сақтақтық шараларын ұмытып, бұрынғы алаңсыз өмірге көшкендей. Әйтсе де медицина қызметкерлері вирустың кез келген уақытта жаппай таралу мүмкіндігін ескертіп, дабыл қағуда.

Біздің облыста аурудың таралуын тежеп, тұрақты санитарлық эпидемилогиялық ахуалды сақтау мақсатында стратегиялық жоспар әзірленіп, бекітілді.

Стратегиялық жоспар арнайы қызметтер мен мекемелердің шектеу шараларының төмен, орташа және жоғары деңгейіне әзірлігін қамтамасыз етеді. Дәл осы жоспардың орындалу барысы өңірлік жедел штабтың кезекті отырысында талқыланды.

Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің басшысы міндетін атқарушы Нейля Муликова баяндады.

Облыста COVID-19-дың 4285 дерегі тіркеліп, 4068 науқас емделіп шықты. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 10 науқас ем қабылдауда. Оның ішінде 16 науқас үй карантиніне алынды.

– Соңғы 2 аптада 24 адамның COVID-19-ды жұқтырғаны белгілі болды. Инфекцияның таралу деңгейі Қордай, Шу, Байзақ, Жамбыл, Сарысу аудандарында және Тараз қаласында өскен, – деді ол. Департамент басшысының міндетін атқарушы ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу керек деп санайды.

–Тұрғындар вирустың әлі де қауіпті екенін түсінуі керек. Қатаң шектеу шараларын ұстану арқылы ғана біз өзіміз бен жақындарымызды қорғай аламыз. Халықтан бетперде кию режимін сақтап, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауды талап ету керек. Жоспарланған барлық шаралардан бас тартқан жөн, – деді Нейля Муликова.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев те әріптесін қолдады.

– Басты мақсат – індеттің жаппай таралуына жол бермеу. Дәрігерлер коронавирустық инфекцияның таралуының болуы мүмкін екінші толқынына дайындықты мықтап қолға алды. Сол секілді тұрғындар да індеттің асқынып кету қаупін төмендетуге қам жасауы керек, – деді ол.

Қазіргі таңда өңірде барлығы 2530 төсек орны дайындалған. Оның ішінде 253 төсек реанимациялық бөлімдерде. Медициналық мекемелерде өкпені жасанды тыныстандыратын 253 аппарат, 706 оттегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1009 пульсоксиметр, 19 цифрлық рентген аппараты, 10 компьютерлік томограф және 7 магниттік-резонансты томограф бар. Тағы да қосымша 74 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 7 компьютер томографы, 4 цифрлық рентген аппарат, 4 оттегі стансасын және 74 санитарлық автокөлік, 8 жылжымалы медициналық кешен, 100 көпфункционалы төсек жеткізіледі деп күтілуде. Дертпен күреске 4410 медициналық қызметкерді жұмылдыру жоспарлануда. Оның 882-сі дәрігер болса, 1764-і орта буынды медициналық қызметкер, ал қалған 1764-і кіші буынды медициналық қызметкерге жатады. 3000-ға жуық медициналық қызметкер түрлі семинарларға қатысты. 619 қызметкер қысқа мерзімді оқытудан өтті. 120 дәрігер мен 300 орта буынды медициналық қызметкер біліктілігін арттырды.

– Жеке қорғаныс құралдарының жеткілікті мөлшері жасақталды. Мониторингтік топтар 3 ірі ауруханада дәрілердің тапшылығын анықтады. Берілген өтінімдерге сай «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктесгі медициналық препарараттарды жеткізіп беретін болады, – деді Әсет Қалиев. Облыс әкім Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке барлық реанимациялық төсектердің өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен қамтылуын бақылауға алуды тапсырды. Ал «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірдегі өкілі Айжан Тортаева дәрілерді уақытылы жеткізуді басты назарында ұстайды.

– Ауруханаларды өздеріңізде аралап медициналық инфрақұрылымның коронавирустық инфекцияның болуы мүмкін кезекті толқынына дайындығын тексеріңіздер. Өткеннен сабақ алып, сол қателіктерге қайта жол бермеңіздер, – деді өңір басшысы жиынға онлайн режимде қатысқан аудан әкімдеріне.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бүгінде тұмауға қарсы екпенің 243 278 адамға егілгенін атап өтті. Бұл жалпы облыс тұрғындарының 21 пайызын құрайды. Өңір басшысы екпені бірінші кезекте тәуекелді топқа жататын тұрғындарға жүргізу керектігін ескертті. Сондай-ақ облыс әкімі мобильдік топтар жұмысының нақты алгоритмін жасауға назар аударды.

1-14 қазан аралығында мобильдік топтар 1922 нысанды тексеріп, небәрі 74 хаттама толтырған. Жамбыл, Мойынкұм, Шу, Сарысу аудандарындағы мобилдік топ мүшелері аталған аймақтарда санитарлық талаптарды сақтау бойынша заңға қайшы әрекеттің орын алмағанын айтып сендіреді.

–Бұған сену қиын. Себебі тұрғындар әлі де отбасылық жиындарды өткізіп, оның суреттерін әлеуметтік желіге жариялайды. Мобильдік топтар тапсырманы орындай алмай жатыр. Республикада біздің облыс карантиндік режимді бұзуды анықтау көрсеткіші бойынша соңғы орында тұр, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде аудан әкімдері барлық ескертулердің назарға алынатынын жеткізді. Сақтық шаралары тіпті мектептердің өзінде сақталмайды. Облыс әкімі аппаратының бас инспекторлары Тараз қаласындағы бірқатар мектептер мен балабақшаларды тексеріп шығып, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда №51, 46, 53, 39, 13, 8 мектептер мен №26 «Бөбекжай» балабақшасында балалар да, ұстаздар да бетперде тақпаған. Әлеуметтік арақашықтық сақталмаған. Сондай-ақ дезинфекциялық кілімшелер жоқ.

–Мектеп директорларын жауапкершілікке тарту керек. Бұл өзгелерге жақсы сабақ болсын, – деді өңір басшысы.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров барлық шараларды қабылдайтындықтарын айтты. Ал Нейля Муликова карантиндік шектеу шараларын қатаңдатуды ұсынды. Өңір басшысының орынбасары Ержан Жылкыбаевқа, облыс әкімінің денсаулық сақтау басқармасы мен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің басшыларына күн тәртібіндегі мәселелерді бірлесіп шешуді тапсырды. Ал аудан әкімдеріне жергілікті жердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды басты назарда ұстап, кез келген өзгеріске жедел әрекет етіп, медициналық инфрақұрылымның дайындығы мен барлық буындағы медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.