
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданына жұмыс сапары аясында Бостандық ауылында бой көтерген денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
– Елімізде спорт арқылы ұлт саулығын нығайту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айрықша назарындағы маңызды бағыт.
Осы орайда біздің басты мақсатымыз – ауылдық елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамыту.
Бүгін ашылып отырған денешынықтыру-сауықтыру кешені – осының айқын дәлелі.
Қасиетті Әулиеата өңірі мықты спорттық дәстүрімен және жеңісті жолдарымен танымал. Біздің спортшыларымыз талай мәрте Әлем, Азия чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында Қазақ елінің көк Туын көкке көтеріп, абыройын асқақтатты.
Сондықтан осы дәстүрді жалғастырып, жетістіктер биігінен түспеу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
1 700-ден астам тұрғыны бар Бостандық ауылдық округі үшін бұл – маңызды әлеуметтік нысан. Заманауи спорт кешені ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Мұнда қазақша күрес, бокс, кикбоксинг, волейбол және баскетбол сияқты спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Құрылыс жұмыстарын «Әль-Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жобаның жалпы құны – 562,7 млн. теңге.
Жаңа кешенде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында спорт нұсқаушылары, медицина қызметкері және өзге де қызметкерлер бар.
– Спорт кешені – ауылымызға табысталған үлкен сый. Туған жеріміздің абыройы биіктеп, Жамбыл облысының спорттағы жетістігі арта берсін! – деді Бостандық ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәт Айғараев.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысы халқының 41,9 пайызы, яғни 511 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Биыл өңірде 21 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның 18-і бюджет қаражаты есебінен, ал үшеуі демеушілердің қолдауымен салынуда.
Бүгінге дейін Мойынқұм және Қордай аудандарында 2 спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 нысан іске қосылып, қалған 11-і келесі жылы қолданысқа берілмек.