Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қызыл-Абад» тұрғын алқабында өткен ағаш отырғызу шарасына қатысты.

Игілікті іске қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ түрлі кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Акция барысында 10 мыңнан астам қарағаш көшеті отырғызылды.

Бұл күні жалпыұлттық экологиялық бастама аясында облыстың барлық елді мекендерінде шамамен 28 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Жалпы көктемгі кезеңде өңір аумағында 286,9 мың көшет егілсе, күзгі маусымда қосымша 108,7 мың жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі Тараз қаласындағы «Жансая» шағынауданында өткен санитарлық тазалық шараларының барысымен танысып, тұрғындардың белсенділігіне ризашылығын білдірді.

Ербол Қарашөкеев қала әкімдігіне экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жаңадан орнатылған қоқыс алаңдарына бейнебақылау жүйелерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кету керек, Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру және санитарлық тазалау бағытында сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бүгін өткен көгалдандыру және тазалық шараларына 61 мыңға жуық тұрғын қатысып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға белсенді үлес қосты.