Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек саладағы өзекті мәселелерді хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде облыс тұрғындарына түрлі ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізілуде.
Атап айтқанда, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті және көздің глаукомасына халықтың шамамен 70 пайызы тексеруден өтті. Әйелдердің сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау көрсеткіші – 67 пайыз, жатыр мойны обыры бойынша – 72 пайыз, ал ішек қатерлі ісігін анықтауға бағытталған скринингпен тұрғындардың шамамен 69 пайызы қамтылды.
Қазіргі таңда облыста 109 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлінуде.
2019–2024 жылдары резидентураға 157 грант қарастырылды. Ал 2025–2026 оқу жылына еңбек нарығының сұранысына сай тағы 31 грант бөлінді. Бүгінгі күні 42 дәрігер резидентураны тәмамдап, өңірлік медициналық мекемелерге кемінде 5 жыл еңбек ету шартымен жұмысқа орналасты. Қазір тағы 84 жас маман резидентурада білім алуда.
Медицина қызметкерлерін тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асуда. Бүгінге дейін 1 891 маман біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін тағы 577 медицина қызметкері білімін жетілдіреді деп жоспарланған.
Инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 173 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алуға 6 млрд теңге қарастырылды. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерді жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету үшін 60 санитарлық автокөлік алу көзделген.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 29 нысан пайдалануға берілді. Қазір Талас ауданында Ақкөл дәрігерлік амбулаториясының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, үш ауданда ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды қайта құру және жаңғырту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Басқарма басшысы өз баяндамасында Тараз қаласында халық санының өсуіне байланысты №10 емхананы ашу бастамасын көтерді. Жаңа емхана А. Асқаров көшесінің соңындағы Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы ғимаратында орналасады деп жоспарланып отыр. Алдымен нысан дезинфекцияланып, кейін күрделі жөндеуден өтеді.
Облыс әкімі бұл жоспарды мұқият пысықтап, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ескертті.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерге емханалардағы ұзын-сонар кезек, медициналық қызметтің сапасыздығы және тегін дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігі жайлы шағымдар жиі түсіп жатқанын атап өтті.
– Қандай ғимарат пайдалануға берілсе де, қандай құрал-жабдық алынса да, ең бастысы – сапа керек. Медициналық қызметтің сапасын арттырмай, көздеген нәтижеге жете алмаймыз, – деді өңір басшысы.
Ербол Қарашөкеев емханаларды жоспардан тыс тексеруді жалғастыруды, медициналық қызмет сапасын қадағалау үшін басқармада арнайы мониторинг бөлімін құруды тапсырды.
Ана өлімі мен кадр тапшылығының әлі де өзекті екенін, аурушаңдық деңгейі өсіп, вакцинация жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды.
Аппараттық кеңес қорытындысында салаға жауапты орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасына бас дәрігерлерді тарта отырып, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізу жүктелді.