Жамбыл облысында тұңғыш рет Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды

Жамбыл облысында тұңғыш рет Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды
Жамбыл облысында алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» құрылды. Бұл бастама өңірдің бай табиғи мұрасын сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қорғауға және экотуризмді дамытуға  зор серпін бермек.  Жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылды. 
 
Жаңа табиғи парк аумағы таулы және тау етегіндегі аймақтарды қамтып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғауға бағытталған.Оның жалпы аумағы 86 632 гектарды құрайды. 
 
Парктің биологиялық әртүрлілігі ерекше бай: мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр және Түркістан сілеусіні мекендейді. Соңғы жүргізілген санақ нәтижелері бойынша парк аумағында 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы және 22 сілеусін тіркелген.
 
Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі – табиғатты қорғау шараларын жүйелеумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, экологиялық ағартушылықты арттыруға және тұрғындар мен қонақтар үшін экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты экотуристік бағыттар қарастырылуда.
 
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, парк аумағында туристік соқпақтар, танымдық бағыттар мен демалыс аймақтары кезең-кезеңімен қалыптастырылып, табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталатын болады.
 
Фото: Алтынбек Қартабай