Жамбыл облысында минералды су өндірісі іске қосылды

Жамбыл облысында минералды су өндірісі іске қосылды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында «Ақсай Жуалы» минералды су өндірісінің іске қосылу салтанатына қатысты.

Өз сөзінде аймақ басшысы өндірістік инфрақұрылымды дамыту мен инвестиция тарту – Мемлекет басшысы жүктеген негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Мұндай жобалардың басты маңыздылығы — тек экономикалық көрсеткіштерде ғана емес, олардың халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінінде. Жаңа жұмыс орындары ашылады, ауыл дамиды, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер туады. Ең бастысы – әрбір тұрғын бұл суды өзіне ең жақын жердегі дүкеннен сатып ала-алуына жағдай жасауға тиіспіз. Біз жергілікті өнімге деген сұранысты қалыптастыруымыз қажет. Сонда ғана ауыл тұрғындары өз аудандарында атқарылып жатқан игі істермен мақтанатын болады,– деді облыс әкімі.

Аталған жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған. Жалпы инвестиция көлемі – 400 миллион теңге. Зауыттың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 80 тонна минералды су өндіруге мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде кәсіпорынға 15 жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданды.

«Ақсай Жуалы» брендімен шығарылатын өнім еліміздің ірі қалаларына – облысымыздан бөлек Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтау және басқа да өңірлерге жеткізіледі.

Айта кетейік ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 301,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,1%-ға артты. Биыл жалпы құны 175 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 1143 жаңа жұмыс орны ашылады.