Байзақ ауданында үш фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді

Байзақ ауданында үш фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді
Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Дихан-2, Тегістік және Базарбай ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылды.
 
Әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, аудан әкімі Олжас Баққараев және жергілікті тұрғындар қатысты. 
 
Медициналық нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. 
 
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым денсаулық сақтау нысандары халықтың тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталғанын атап өтіп, ауыл халқына мықты денсаулық тіледі. 
 
– Бұл медициналық пункттер – ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетудің нақты бір қадамы. Денсаулық – ұлт болашағының кепілі. Жаңа нысандар ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек.
 
Байзақ ауданында 44 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. 2024 жылы үш медициналық нысан пайдалануға берілсе, бүгін тағы үш нысанмен толығып отыр. 
 
– Ауыл тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ, алғашы медициналық көмекті фельдшерлік-акушерлік пункттерде ала алады. Медицина қызметкерлерінің алдында халық денсаулығын жақсарту, сапалы қызмет көрсету міндеті тұр, – деді аудан әкімі Олжас Баққараев. 
 
Фельдшерлік-акушерлік пункттерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын бақылау, профилактикалық тексерулер жүргізу мүмкіндіктері қарастырылған.
 
Ғимараттар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен 100 пайыз қамтылған.