Тараз қаласы «Баласағұн» ОКЗ-де медицина қызметкері күніне орай салтанатты жиын өтті.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, адам өмірін сақтау жолындағы олардың жанқияр еңбегі үлкен құрметке лайық екенін атап өтті.
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысанның құрылысы жүргізіліп, Меркі, Талас, Шу аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құрылды.
Алдағы жылдары Байзақ, Жуалы, Қордай аудандарында үш ірі аудандық аурухананың құрылысын жүргізу, сондай-ақ Меркі, Талас, Шу аудандарында үш ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана және жедел-медициналық жәрдем стансасын салу көзделіп отыр.
Биыл денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңге қарастырылған.
Мерекелік шарада денсаулық сақтау саласының 57 үздік маманына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», өңір басшысының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, Құрмет және Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.