Жамбылдық өрендер ұлттық жарыстың финалисі атанды

Жамбылдық өрендер ұлттық жарыстың финалисі атанды

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Enactus Kazakhstan National Expo 2025» ұлттық байқауында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Enactus Sherkhan» командасы «Early Stage» лигасында сәтті өнер көрсетіп, жарыстың финалисі атанды.
«Early Stage» лигасы – жобаларын бастапқы кезеңде жүзеге асырып жатқан командалар үшін арналған платформа.

Жеребе бойынша жамбылдық команда «Astana IT University», «Satbayev University», «Asfendiyarov University», «Rudny Industrial Institute» және «Korkyt Ata University» командаларымен бір топқа түсті.

«Enactus Sherkhan» командасының мүшелері байқау барысында 3 жоба ұсынды. Тарқатып айтқанда, тоқыма және былғары қалдықтарын қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуды көздейтін «ONDE», кәсіпкерлер мен шағын бизнес иелеріне арналған тиімді әрі қолжетімді бизнес-ассистенттер сервисі «Nautilus Assistant» және тұқым салынған бомбочкалар арқылы ағаш отырғызу арқылы экожүйені қалпына келтіруге бағытталған экологиялық бастама «EGU» жобаларын таныстырды.

Байқау аясында команда жобаларды қорғау, оларды сарапшылардың пікірлері негізінде талдау және жетілдіру бойынша құнды тәжірибе жинады. Бұл мүмкіндіктер қатысушылардың кәсіби өсуіне, жобалық ойлауын дамытуға және нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған тың идеяларды жүзеге асыруға жол ашты.

«Enactus Sherkhan» командасының бұл жетістігі облыстағы оқу орындарының білім беру мен инновациялық даму кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.