GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Басқарма туралы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Әкім аппараты
Все материалы
24 октября 2026
Қайта жаңғыртылған «Тараз» теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Республика күні қарсаңында қайта жаңғыртудан өткен «Тараз» теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осы бағдарлама аясында Жамбыл облысындағы Тараз, Шу, Түрксіб, Отар және Боранды станцияларындағы бес вокзалды жаңғырту көзделген. Жобалардың жалпы құны 14,1 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде Тараз теміржол вокзалын жаңартуға 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды.

Жоба аясында вокзал ғимараты, перрон, вокзал маңы алаңы және оған іргелес аумақ жаңартылды. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен еркін қозғалысына, сапалы қызмет алуына қолайлы жағдай жасалды.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі жаңарған вокзалдың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызына тоқталып, оның қаланың іскерлік белсенділігі мен туристік тартымдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Ғасырдан астам уақыт бойы ел мен өңірлерді байланыстырып келе жатқан «Тараз» теміржол вокзалы жаңа кезеңге қадам басты.

Бұл оқиғаның Республика күні қарсаңында өтуінің де мәні зор. Өйткені қуатты мемлекет сапалы жолдан, берік байланыстан, заманауи инфрақұрылымнан және азаматтарға жасалған қолайлы жағдайдан құралады

Қазақстанның кең байтақ аумағын біртұтас экономикалық кеңістікке айналдыруда теміржол айрықша рөл атқарды. Тараздың тарихы да теміржолмен тығыз байланысты. 1920 жылғы қарашада Арыс–Бішкек теміржол желісі Әулиеатаға жетті. Бұл оқиға қаланың экономикалық тынысын ашып, сауда-саттық пен өндірістің дамуына серпін берді.

1930 жылы Түркістан–Сібір магистралінің іске қосылуы Тараздың көлік жүйесіндегі орнын одан әрі нығайтты. Қала ірі теміржол торабына айналып, өңірдің экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, вокзалдың қазіргі негізгі ғимараты 1986 жылы пайдалануға берілген. Содан бері мұнда миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетілді.

Қазіргі таңда вокзал қыс мезгілінде тәулігіне шамамен 2,5 мың, ал жазда 3 мың жолаушыны қабылдайды. Ғимараттың жалпы сыйымдылығы – 600 адам, күту залы 200 жолаушыға арналған. Сондай-ақ вокзал тәулігіне 28-32 жолаушылар пойызына қызмет көрсетеді.

24 октября 2026
Республика күні: Жуалы ауданында теміржол арқылы өтетін автожол өткелі ашылды

Республика күніне орай Жамбыл облысының Жуалы ауданында теміржол арқылы өтетін автожол өткелінің ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев және Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қатысты.

Ербол Қарашөкеев Жуалы жұртшылығын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында өңірде автомобиль жолдарын жөндеу және жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 23,4 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 73 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жұмыстар аясында 134,6 шақырым автомобиль жолы мен бес жасанды құрылыс жөндеу және қайта жаңғыртумен қамтылады. Атап айтқанда, екі көпір мен үш теміржол өткелін салу, 5,7 шақырым көшені қайта жаңғырту және 128,9 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жоспарланған.

Жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 99 пайызға, ал елді мекендердің көше-жол желісін 91 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

– Бүгін осы жүйелі жұмыстың тағы бір маңызды нәтижесі – Боранды станциясындағы автокөлік өткелін ел игілігіне ұсынып отырмыз. Бұл мәселені аудан тұрғындары ұзақ уақыт бойы көтеріп келді.

Бұған дейін автокөліктердің қозғалысы үшін су өткізуге арналған темірбетон құбыр пайдаланылып келді. Алайда оның техникалық өлшемдері көлік қозғалысына қойылатын талаптарға сәйкес келмей, жүргізушілер мен тұрғындарға қолайсыздық туғызды.

Жаңа өткел осы мәселені шешіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз қатынауына мүмкіндік береді. Елді мекендер арасындағы жол қатынасы жақсарып, күнделікті жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар бұл нысан ауданның аграрлық және туристік әлеуетін тиімді пайдалануға, іскерлік белсенділікті арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Инфрақұрылым сапасы халықтың мемлекетке деген сеніміне тікелей әсер етеді. Тұрғындар көтерген мәселенің нақты шешімін табуы – мемлекеттік органдар жұмысының басты нәтижесі, – деді облыс әкімі.

Жаңа автокөлік өткелінің құрылысына 923,4 миллион теңге жұмсалды. Жобаның мердігері – «Astana Building energy company» ЖШС.

Өткелдің ұзындығы – 31 метр, биіктігі – 5,3 метр, ал жүру бөлігінің ені 8,5 метрді құрайды.

 

23 октября 2026
Облыс әкімі Республика күніне арналған салтанатты жиынға қатысты
Жамбыл облысында ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
 
Мерекелік іс-шара барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.
 
Салтанатты жиында өңір басшысы жамбылдықтарды ұлық мерекемен құттықтап, табанды еңбек пен ел бірлігінің арқасында Қазақстан халықаралық аренада беделі биік, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар мемлекетке айналғанын атап өтті.
 
– Егемендікті сақтау, ел бірлігін нығайту, заң мен тәртіпті құрметтеу, адал еңбек ету және мемлекетіміздің дамуына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің негізі болса, «Адал азамат» құндылықтары отаншылдыққа, жауапкершілікке және ел игілігіне қызмет етуге үндейді, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Облыс әкімі 2026 жылы елімізде жүзеге асқан саяси жаңғыруларға да тоқталды. Оның айтуынша, 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданып, конституциялық өзгерістерге сәйкес бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Вице-Президенті тағайындалып, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды.
 
Сондай-ақ өңір басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталып, биыл басталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының оқу мәдениетін дамытуға, білім мен зияткерлік әлеуетті арттыруға ықпал ететініне назар аударды. 
 
– Осы құндылықтарды берік ұстану арқылы біз бірлігі жарасқан, болашағы баянды мемлекет қалыптастырамыз, – деді облыс әкімі.
 
Жиында Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де айтылды.
 
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өңірде 1 триллион 103,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 466,6 миллиард теңгені құрап, 4,9 пайызға артты.
 
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 721,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 37,1 пайызды құрады. Құрылыс саласында 283,7 миллиард теңгенің жұмысы орындалып, 530,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
 
Әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2026 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 18,5 миллиард теңге қарастырылған. Білім беру саласындағы 14 нысанды дамытуға 11 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда өңірде жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар мәдениет және спорт нысандарын салу, жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді.
 
Бүгінде Жамбыл облысында 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл тағы 13 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. 
 
– Бүгінгі жетістіктеріміз – ел бірлігінің, тұрақтылықтың және халқымыздың жасампаз еңбегінің жемісі. Әр азаматтың өз ісіне адал болуы, ортақ іске жауапкершілікпен қарауы, жас ұрпақты отаншылдыққа, білімге және адалдыққа тәрбиелеуі – бәрімізге жүктелген ортақ міндет. Біз ел бірлігін сақтап, адал еңбек пен жасампаздықты ту етіп, Қазақстанның өркендеуі жолында бірге еңбек ете береміз. Ата-бабадан аманат болған қасиетті жердің тұтастығын сақтау, Тәуелсіздігімізді нығайту және келер ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыру – баршамыздың қасиетті парызымыз, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
 
Мерекелік жиын салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградаларға ие болды.
 
Атап айтқанда, «Қазфосфат» ЖШС логистика және теміржол көлігі кешенінің директоры Нұрлан Игембаев, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және «ПМК-109» ЖШС директоры Қанат Тлебаев «Құрмет» орденімен наградталды.
 
ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «ТаразКожОбувь» ЖШС цехының бастығы Наталья Бажинаға, Меркі аудандық электр желілері кәсіпорнының электрмонтері Маратбек Сүлейменовке және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалының жүргізушісі Рыспек Сыздықовқа табысталды.
 
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандардың қатарында «Қазфосфат» ЖШС жүргізушісі Экпар Амангелдиев, машинисі Гүлзира Әлімбаева, экологы Гүлжанат Байзақова, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жүргізушісі Ерлан Аманғозиев, «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының жұмысшысы Асқар Бейсеков және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Шу машиналандырылған жол дистанциясы филиалының баптаушысы Ержігіт Өтебаев бар.
 
Сондай-ақ бірқатар азамат «Шапағат» медаліне, «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медаліне, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
 
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласындағы көпжылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, ауыл шаруашылығы саласындағы еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар бірқатар азамат Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
 
Салтанатты жиын барысында облыс өнерпаздары мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
23 октября 2026
Ербол Қарашөкеев сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттарына алғыс білдірді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 12 қазандағы «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес сегізінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. 
 
Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өңірлік маңызы бар мәселелерді шешуге қосқан үлестері үшін халық қалаулыларына алғысын білдірді.
 
Айта кетейік, сегізінші шақырылымның жұмысы барысында облыстық мәслихаттың 37 сессиясы өткізіліп, 356 шешім қабылданды. Депутаттар тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша 505 депутаттық сауал жолдап, мәслихат қызметіне қатысты 418 өкім шығарылды.

 

21 октября 2026
Жамбыл облысында үздік құтқарушылар марапатталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Құтқарушы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, азаматтық қорғау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетті.
 
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан соң қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың рухына тағзым етіліп, олардың есімі бір минут үнсіздікпен еске алынды.
 
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, ел Президентінің сала қызметкерлеріне берген жоғары бағасын атап өтті.
 
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, сіздердің еңбектеріңізге жоғары баға берді. Президентіміз құтқарушыларды «бейбіт күннің батырлары» деп атап, олардың төтенше жағдай кезінде көмекке бірінші болып ұмтылатынын айтты. Бұл – қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушыға көрсетілген зор құрмет, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Облыс әкімі өңірде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
 
Атап айтқанда, 2026 жылы өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи техникамен жабдықтауға және шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 530 миллион теңге қарастырылған.
 
Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында, Балқаш көлінің жағасында заманауи құтқару станциясы ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген станция «Voyager» маркалы катермен жарақтандырылды.
 
Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында «Toyota Hilux» маркалы төрт жедел-құтқару автокөлігі, екі өрт сөндіру автокөлігі және еуропалық стандарттарға сай 27 жиынтық заманауи жауынгерлік киім сатып алынды.
 
Шалғай ауылдардың тұрғындары мен аумағын өрттен қорғау үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункттерін салу жұмыстары да қолға алынған. Облыс бойынша барлығы 27 пункт салу жоспарланса, оның 24-і жаңадан бой көтеріп, үшеуі жаңғыртылады. Қазіргі уақытта құрылысқа арналған жер учаскелері анықталып, 10 пунктте құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
 
– Сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтау жолында аянбай қызмет ету – ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген барша құтқарушыға, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
 
Салтанатты шара барысында кәсіби мерекеге орай қызметтік міндеттерін адал атқарып, өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
 
Сондай-ақ Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне арнаулы атақтар берді. Бұдан бөлек, бірқатар маман «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
20 октября 2026
Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық кеңейеді

Астанада Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко қатысты.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Ербол Қарашөкеев өңіраралық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімі Ленинград облысының өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және білім беру әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, оны Жамбыл облысының келешегі зор серіктестерінің бірі ретінде бағалады.

– Ресей Федерациясының жетекші индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Ленинград облысын өмір жолы мен кәсіби қызметі Жамбыл жерімен байланысты мемлекет қайраткерінің басқаруы біз үшін ерекше мәнге ие. Бұл жағдай өңіраралық қарым-қатынасымызға айрықша жылылық беріп, әріптестігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесуде бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға басымдық берілді.

Өңіраралық әріптестікті дамыту аясында Жамбыл облысының әкімдігі мен Ленинград облысының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді 2026-2028 жылдары іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары көзделген.

Құжатта сауда-саттықты дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және цифрландыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың 20 бағыты қамтылған.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық байланысты кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашу. Осы мақсатта Ленинград облысының кәсіпорындарына «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағының мүмкіндіктері таныстырылады.

Кездесу аясында «Zhambyl Invest» ЖШС мен Ресейдің «БАЛТОРГАНИК» ЖШҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат Жамбыл облысында шымтезектің терең қабаттарындағы калий гуматы негізінде органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруға бағытталған.

Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 8 млн АҚШ доллары. Қаржыландыру ресейлік компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Тараптар агроөнеркәсіп кешенінде де ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өсімдік және мал шаруашылығындағы озық технологиялар мен тәжірибе алмасу, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы байланысты нығайту жоспарланған.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық пен білікті мамандар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Осы бағытта Сосновобор политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі арасында әріптестік орнату көзделген. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар А.С. Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті арасындағы байланыстарды дамыту көзделген. Тараптар ғылыми-практикалық тәжірибе алмасып, бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізеді, сондай-ақ оқытушылардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасайды.

Ынтымақтастық денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, жастар саясаты және спорт салаларында да жалғасын табады. Жоспарға медициналық мекемелер арасында кәсіби тәжірибе алмасу, мәдени-ағартушылық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру, музей ісін дамыту, мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ күрес, бокс және футболдан бірлескен жаттығулар мен спорттық жарыстар ұйымдастыру енгізілген.

– Біз үшін бүгін қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты істермен жалғасып, ынтымақтастықтың әр бағыты мазмұнды бастамалар мен жобаларға ұласқаны маңызды. Бүгінгі кездесу Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді әрі екі тарапқа да тиімді әріптестікті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деп түйіндеді облыс әкімі.

17 октября 2026
Туризм, су және ауыл шаруашылығы: Ербол Қарашөкеев Меркі ауданындағы бірқатар нысанды аралады
Мемлекет басшысының табиғи ресурстарды сақтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралады.
 
Алдымен облыс әкімі Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметімен танысты. 2025 жылдың тамыз айында құрылған парктің жалпы аумағы 83 713 гектарды құрайды. Мұнда 59 адам еңбек етеді.
 
Парк директоры Нұрсұлтан Ықыластың айтуынша, мекеменің басты міндеті – табиғи кешендерді сақтау, экожүйелердің тұтастығын қорғау және туризмді жүйелі дамыту. Сонымен қатар бүлінген табиғи және тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіруге басымдық беріледі.
 
Бүгінде парк аумағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Жайылымдық мақсатта 117 пайдаланушыға 40 955 гектар жер берілген. Ара шаруашылығын дамыту үшін үш пайдаланушыға жалпы сыйымдылығы 242 ара ұясына арналған учаскелер қарастырылған. Сондай-ақ бақ шаруашылығына 3 гектар, туристік мақсатта төрт пайдаланушыға меморандумдар негізінде 11,5 гектар жер бөлу жұмыстары жүргізілген. Осы бағыттар бойынша жергілікті бюджетке 8,3 миллион теңгеден астам қаражат түскен.
 
Табиғи ортаны қалпына келтіру және орман қорын молайту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Парк аумағына 2 000 түп ағаш көшеті отырғызылып, питомникте егуге арналған 150 келі қарағаш тұқымы жиналған.
 
Ербол Қарашөкеев табиғи парктің жұмысын күшейтіп, қоршаған ортаны қорғау шараларын нақты нәтижеге бағыттауды тапсырды. Сондай-ақ туристік бағыттарды реттеу, демалыс орындарын жабдықтау, қоқыс жинау және алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелерін алдын ала шешудің маңызын атап өтті.
 
– Мұндай үлкен аумақты басқару – зор жауапкершілік. Парктің жұмысы қағаздағы жоспармен емес, нақты нәтижемен бағалануы керек. Басты міндет – табиғи кешендерді сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және туристерге қауіпсіз жағдай жасау. Парк аумағын пайдаланатын әрбір азамат пен кәсіпкер белгіленген талаптарды орындауға тиіс, – деді облыс әкімі.
 
Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назарда болды. Өңір басшысы «Андас-3» су қоймасындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Су қоймасының жобалық көлемі 1,51 миллион текше метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған. Мердігер – «Tolagai Global» ЖШС. Жобада ұзындығы 1 840 метр арықты және 1 113 метр арнаны тазалау мен кеңейту, сондай-ақ 1 760 метр учаскеде жұмыстар жүргізу көзделген. Нысанды 2026 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
 
Облыс әкімі құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды ескертті. Оның айтуынша, су қоймасы белгіленген уақытта толық дайын болып, қауіпсіз пайдалануға берілуі қажет.
 
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Майлыбай» каналының жай-күйімен танысты. Жалпы ұзындығы 15,4 шақырым болатын каналдың су өткізу қабілеті секундына 2,2 текше метрді құрайды. Ол 2 591 гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге арналған. 2025 жылы каналдың 5,2 шақырым учаскесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
 
Жауапты тұлғаларға суармалы алқаптардың нақты тізімін жасау, әр алқаптың суға қолжетімділігі мен су беру кестесінің орындалуын тексеру, сонымен қатар су шығынын, жолай жоғалу көлемін және канал бойындағы рұқсатсыз су бұру деректерін анықтау міндеті қойылды.
 
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттау бағытында «Меркі Ет комбинаты» ЖШС-ның жұмысы таныстырылды. Т. Рысқұлов ауылында орналасқан кәсіпорын 2005 жылы құрылған. Мұнда ет консервілері мен шұжық өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ ірі қара және қой еті шетелдік нарықтарға жөнелтіледі.
 
Кәсіпорын жылына 250 тонна шұжық және 262 мың банка ет консервісін шығаруға қауқарлы. Мұнда тәулігіне 300 бас ірі қара мен 700 бас ұсақ мал союға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өндіріс орнында 37 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
 
2025 жылы кәсіпорын Біріккен Араб Әмірліктеріне, Катарға, Кувейтке және Сауд Арабиясына 1 053 тонна ет экспорттаған.
 
Облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға жергілікті шаруа қожалықтары мен комбинат арасында тұрақты шикізат жеткізу жөніндегі келісімдер жасауға жәрдемдесуді тапсырды. Сонымен қатар өндірісті кеңейтуге және өнім түрлерін көбейтуге қатысты ұсыныстарды қарастырып, қажетті мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіруді міндеттеді.
 
– Кәсіпорынның мүмкіндігі бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті нақты өндіріске, жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығына және жаңа жұмыс орындарына айналдыру. Жоспарланған көрсеткіштер қағазда қалмай, өндіріс пен экспорт көлемінен көрінуі керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
17 октября 2026
Жамбыл облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Республика күні қарсаңында Жамбыл облысында 2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні  тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.

Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.

Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.

Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Жамбыл облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімі

 

Республикалық «Republic Day» акциясы

 

№

Өңір

Сауда нысанының түрі (СОО, СО, СҮ)

Сауда нысанының атауы

Сауда нысанының мекенжайы

 
 

Тараз қаласы

 

1

Тараз қ.

СҮ

" Luxury"

Қонаев к-сі., 39

2

Тараз қ.

СҮ

"Status"

Қонаев к-сі., 29

3

Тараз қ.

СО

"Davmir"

Тәуке хан к-сі., 1в

4

Тараз қ.

СҮ

"Диана"

Мыңбұлақ ы/а., 18

5

Тараз қ.

СҮ

"Free Moda"

Жамбыл даңғ., 149

6

Тараз қ.

СО

"Дос-нар"

Төле би к-сі., 1а

7

Тараз қ.

СҮ

"Taraz Mall"

Төле би к-сі., 22а

8

Тараз қ.

СҮ

"Алатау"

Төле би к-сі., 65

9

Тараз қ.

СОО

"Аулие ата"

Қазыбек би к-сі., 105

10

Тараз қ.

СОО

"Март"

Төле би к-сі., 27

Жалпы: 10

 

 

 

 

Республикалық «Bereke Fest» акциясы

 

№

Өңір

Сауда нысанының түрі (СЖ)

Сауда нысанының атауы

Сауда нысанының мекенжайы

 
 

Тараз қаласы

 

1

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

Б.Момышұлы к-сі., 27

 

2

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

 Сәтпаев к-сі., 5а

 

3

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

Ниетқалиев к-сі., 70а

 

4

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

Рысқұлов к-сі., 5у

 

5

Тараз қ.

СЖ

"Фиркан"

Телецентр, 2д

 

6

Тараз қ.

СЖ

"Фиркан"

Алатау ы/а., 11в

 

7

Тараз қ.

СЖ

"Фиркан"

Салтанат ы/а., 31/1

 

8

Тараз қ.

СЖ

"Нурислам"

Ташкент к-сі., 118

 

9

Тараз қ.

СЖ

"Нурислам"

Әл-Фараби к-сі., 7/5

 

10

Тараз қ.

СЖ

"Даниял даму"

Ақбұлак ы/а., 13а

 

Жалпы: 10

 

 

 

16 октября 2026
Ербол Қарашөкеев меркіліктермен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылады.
 
Жиын Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес еркін форматта өтті. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейлеріндегі сауалдарын облыс әкіміне тікелей жолдады.
 
Алдымен өңір басшысы облыстың даму жоспары мен Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
 
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында аудандағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Бұған инвестициялық белсенділіктің артуы мен агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс көлемінің тұрақтылығы ықпал етіп отыр.
 
Қаңтар-тамыз айларында аудан экономикасына 24,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазір аудан аумағында 43 ірі және орта инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
 
Құрылыс саласында биылғы сегіз айда 4,9 млрд теңгенің жұмысы орындалды. Тұрғын үй құрылысының көлемі 34,8 мың шаршы метрге жетті.
 
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге де басымдық берілген. 2025-2026 жылдары алты елді мекеннің су құбырларын қайта жаңғыртуға 3,4 млрд теңге бөлінді. Ақтоған, Кеңес және Гранитогорск ауылдарындағы жұмыстар аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Ал Ақарал, Жамбыл және Сыпатай ауылдарында құрылыс жұмыстары жалғасуда.
 
Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Меркі бекетіндегі теміржол өткелі арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысына облыстық бюджеттен 102,4 млн теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
 
Білім беру саласында Меркі ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа 960 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды. Нысан пайдалануға берілді.
 
Ауыл шаруашылығы бағытында Жаңатоған ауылдық округіндегі Андас-3 су қоймасының құрылысы жалғасуда. Жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген.
 
Газдандыру мәселесі бойынша Меркі аудандық әскери бөлімінің Кеңес және Аспара шекара заставаларының қазандықтарына газ тарту жұмыстары толық аяқталды. Оған облыстық бюджеттен 527,6 млн теңге бағытталды.
 
Өткен жылы тұрғындармен кездесу барысында көтерілген бірқатар мәселе де шешімін тапты. Атап айтқанда, «Алатау Су-Жылу» мекемесінің қызмет көрсету аясын кеңейту, Жауғаш батыр ауылы маңындағы республикалық жол бойында жол бойы сервистік кешенін ашу және Аспара ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылды.
 
Ал Жауғаш батыр ауылындағы электр желілеріне бағаналар орнату жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
 
– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлердің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылады.
 
Халық игілігі жолында атқарылған әрбір іс – қоғамдағы бірлік пен татулықтың, өзара сенім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бүгінгі жетістіктердің барлығы тұрғындардың қажырлы еңбегі мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігерінің нәтижесі, – деді облыс әкімі.
 
Кездесу барысында тұрғындар кәріз жүйесін орталықтандыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қолданыстағы мектептерді көгілдір отынмен қамту және жаңа білім ошақтарын салу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар өзге де өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
 
Ербол Қарашөкеев әрбір сауалға жан-жақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен өтініштердің назардан тыс қалмайтынын айтты.
 
Кездесу қорытындысында аймақ басшысы аудан әкіміне жүзеге асырылып жатқан жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай әрі уақытылы жүргізілуін, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді игерілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
 
Сонымен бірге аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың профилактикасын күшейту міндеттелді.
 
Кездесуден кейін өңір басшысы Меркі ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
09 октября 2026
Жамбыл облысында Тексеру комиссиясының 15 жылдығы аталып өтті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік Тексеру комиссиясының құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
 
Мерейтойлық жиында өңір басшысы Тексеру комиссиясының ұжымын айтулы датамен құттықтап, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
 
Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды жүзеге асыратын тиімді әрі кәсіби орган ретінде қалыптасқанын атап өтті. 
 
– Бүгінгі таңда мемлекеттік аудиттің міндеті – тек бұзушылықтарды анықтау емес, олардың қайталануына жол бермеу және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру. Осы бағытта Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді, – деді облыс әкімі.
 
Соңғы үш жылда Тексеру комиссиясы 16 ауқымды аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шарасын өткізіп, оның барысында 117 мемлекеттік аудит объектісін қамтыған.
 
Комиссияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға да жергілікті бюджет есебінен тиісті қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, соңғы үш жылда қызметтік автокөлік базасы екі жаңа көлікпен толықты. Сонымен қатар мемлекеттік аудиторлардың іссапар шығындарын өтеу, еңбекақы төлеу және біліктілігін арттыру бағыттарында жергілікті атқарушы орган тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.
 
Өңір басшысы мемлекеттік аудит органдарының жұмысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екеніне назар аударды.
 
– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер жүзеге асырылуда. Осы орайда мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың рөлі арта түсуде. Мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, қаржылық тәртіпті нығайту – аудит органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Осы айтулы мерейтой күні Сіздерге – Тексеру комиссиясының барша қызметкеріне зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Салтанатты жиынға республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2003-2012 жылдардағы төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері Омархан Өксікбаев, Жоғары аудиторлық палатаның департамент директорының орынбасары Ақбаян Әлімбаева және өзге де қонақтар қатысты.
 
Шара барысында сала дамуына елеулі үлес қосқан 20-ға жуық азаматтың еңбегі еленіп, арнайы марапаттар табысталды. Кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы