Cарбаздармен кездесу

Cарбаздармен кездесу

Жуалы ауданына қарасты Б.Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде Жуалының мақтанышы, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры, заң ғылымдарының докторы, ерік-жігердің иесі Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов сарбаздармен кездесті.

"Әскердегі бір күн" атты акцияға ауданнан әскерге шақырылған жастар мен сарбаздар қатысты.

Кездесу жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиын барысында генерал-майор Сейітжан Мелдебекұлы сарбаздарды ел байрағын желбіретіп, Қазақстан Республикасының мәртебесін биікке көтеріп, ел намысын қолдан бермей, елге қорған болуға шақырды.

-Ер-азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де осы қасиеттер. «Биік таудың төбе құсап мүжілгені жаман, еркектің әйел құсап сызылғаны жаман» дегендей, ер адам жігерсіз болса – онан не қайыр? Сондықтан кешегі өткен қилы-қилы замандарда еліміздің тәуелсіздігін, кең байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған ата-бабаларымыздың батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер-азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса қандай ғанибет! Әр жігіт спортпен, денешынықтырумен айналысып немесе өзін-өзі үнемі шыңдап жүрсе оның нағыз ер тұлғалы азамат болып қалыптасары анық. Бүгінгі таңда азаматтарымызға күштілікпен бірге білімдарлық та, ділмарлық та, кісілік те қажет. Ер жігітке ұсақтық жараспайды,- деп жастарға патриоттық рух берді Сейітжан Мелдебекұлы.