Аудан әкімі Мұртаза Жалғас Алижанұлы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің тірек мектебі ретінде ашылуына қатысып, ұжымды құттықтады.
Елімізде "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы жұмыс істеп келеді. Бұл жарқын жобаны жасап, жүзеге асырып келе жатқан "Қазақстан халқына" қоры мен “Білім беру саласын тұрақты дамыту” қоры.
Жалпы бір мектепті жабдықтаудың жоба құны 250 млн теңге. Мақсаты - ауылдық жерлердегі ағарту ошақтарын заманауи игіліктермен қамту, материалдық-техникалық базаны толық жаңарту. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Ал жобаға енетін мектеп заманауи жөндеуден өткен болуы керек.
Шарты бойынша тірек мектеп аудан орталығы саналатын ауылда немесе оқушы саны көп іргелі мектепте болуы керек. Өйткені көрші және шет елді мекендердің тәжірибе алаңына айналуына мүмкіндік туады.
Оқу ұясы тірек мектеп талабымен толықтай жаңарған. Айталық, модификациялық кабинеттер, заманауи зертханалар, пәндік сыныптар, ART-студия, STEM-лаборатория, ЗD және робототехника, TELE-студия, IT кабинеті, Intellektum кабинеті, кітапхана, мәжіліс залы, мата және тамақ өңдеу шеберханасы т.б жабдықталған. Осындай игілікке қол жеткізген мектеп ұжымы мен оқушылардың қуанышында шек жоқ.