ГАЗ ЖЕЛІСІНДЕГІ АҚАУ ЖЕДЕЛ ЖОЙЫЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

ГАЗ ЖЕЛІСІНДЕГІ АҚАУ ЖЕДЕЛ ЖОЙЫЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Нұрлыкент ауылына жұмыс сапары барысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығы зерделенді.

Жұмыс сапары кезінде ауылдағы газ желісінде орын алған ақау бойынша жағдай жедел қаралды. Алдын ала анықталғандай, газ құбырының коррозияға ұшырауы салдарынан оның бір бөлігінде тесік пайда болып, табиғи газдың сыртқа шығуы орын алған.

Оқиға орнына жауапты қызметтер дереу жұмылдырылып, қауіпсіздік шаралары қабылданды. Аудандық әкімдік, ауылдық округ аппараты және «Жуалы газ» мекемесінің авариялық қызметі бірлесіп, зақымданған учаскені оқшаулау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде газдың шығуы бірнеше сағат ішінде толық тоқтатылып, зақымданған учаске қалпына келтірілді. Газ беру қайта жанданып, қазіргі уақытта Нұрлыкент ауылы табиғи газбен штаттық режимде қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар газ желілерінің техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау, ақауларды дер кезінде анықтап, жою және профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапарының тағы бір маңызды бағыты — әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын тексеру болды.

Атап айтқанда, 100 балаға арналған «Нұршуақ» балабақшасының қазандығы қаралды. Нысан табиғи газбен және орталық жылу жүйесі арқылы жылытылады. Қазандықтағы жөндеу, сырлау және әктеу жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін аяқтап, балабақшаны жылыту маусымына толық дайындау тапсырылды.

Сондай-ақ 800-ге жуық оқушы білім алатын М.Ломоносов атындағы орта мектептің қазандығының техникалық жағдайы тексерілді. Мектеп табиғи газбен жұмыс істейтін автономды бу қазандығымен жылытылады. Газбен жабдықтауда іркіліс туындаған жағдайда резервтік отынды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Осыған байланысты негізгі жылу жүйелерімен қатар резервтік жүйелердің де тұрақты жұмысқа дайын болуы қажеттігі атап өтілді.

Бұдан бөлек, 299 оқушы білім алатын №30 Көктөбе орта мектебінің жылыту жүйесінің дайындығы қаралды. Қазандыққа қажетті жабдықтарды, оның ішінде сорғыны алу мәселесі пысықталып, тиісті есеп-қисап жүргізу және анықталған қажеттіліктерді қысқа мерзімде шешу тапсырылды.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары алдын ала әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Осыған орай әлеуметтік нысандардың қазандықтарының техникалық жарамдылығы, инженерлік желілердің жағдайы, қажетті қосалқы жабдықтар мен резервтік отынның болуы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда болуы қажет.

Басты міндет — әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына толық әрі қауіпсіз дайын болуын қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және қысқы кезеңде жылу жүйелерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасау.

Аталған бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.