РӘМІЗДЕР РУХЫ – КОНСТИТУЦИЯ КҮШІ

РӘМІЗДЕР РУХЫ – КОНСТИТУЦИЯ КҮШІ

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Жуалы ауданында «Туған жерім менің - Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара кең көлемде ұйымдастырылды. Елдік пен егемендіктің айшықты белгісіне айналған мерекелік жиынға аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудан әкімдігі бөлімдерінің мамандары, мәслихат депутаттары мен түрлі мекеме өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің тұғыры, халқымыздың рухы мен елдігіміздің символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.

Мерекелік шара барысында елге қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, патриотизмнің озық үлгісін көрсеткен, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық белсенділік танытуға үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Жиында Мемлекеттік Әнұран орындалып, көпшілік көк Туға тағзым етті. Бұл – ел бірлігін нығайтып, отансүйгіштік рухты асқақтататын тағылымды сәттердің бірі болды.

Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, жас ұрпақтың бойында елжандылық қасиетті қалыптастыру және қазақстандық патриотизмді нығайту. Осындай мазмұнды шаралар арқылы ұлттық құндылықтар ұлықталып, Тәуелсіз Қазақстанның рухани тұғыры беки түсуде.