
Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ұшқан ұя – ұлттық тәрбие мектебі» атты әйел-аналар форумы өтті.
Форумның мақсаты – Б.Момышұлының отбасы тәрбиесіне қатысты асыл мұрасын насихаттау, ұлттық құндылықтарды сақтау, жастар мен жасөспірімдердің бойына қазақы дәстүр мен рухани құндылықтарды сіңіру, сондай-ақ жауапты ата-ана идеясын ілгерілету.
Іс-шараның ашылуында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары А.Ахметова форумның ашылуымен құттықтап, ауданның дамуына үлес қосып жүрген әйелдердің еңбегі мен қоғамдағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Форумға қоғам қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «QAZAQSTAN DAUIRI» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің және «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры, «Ел-Ана» қоғамдық қорының президенті, Мемлекет басшысының "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына жолдауы аясында экспедициясының көшбасшысы - Сәуле Мешітбайқызы, танымал ақыны, журналист, сазгер, білім саласының ардагері, Бауыржан Үсеновтің жары - Гауһар Жұматайқызы, Жуалы ауданы кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы - Асима Қалмаханқызы, Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас акушер-гинекологы - Ғазиза Серғазықызы қатысып, қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі, ана денсаулығы, ұрпақ сапасы туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ Жуалы аудандық «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы Медетбекұлы Б.Момышұлының өсиетін айтып, қатысушыларға ақ батасын берді.
Форум соңында ұсыныстар қабылданып, ауданның экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйелдер қауымы марапатталды.