Жуалы ауданы Ақсай ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық мүшелерімен өткен жиналыстың хаттамасы
№1
Қайрат ауылы 20 маусым 2025 жыл
Ақсай ауылдық округі Сағат:10:00
әкімдігінің ғимараты
Жиналыс төрағасы: М. Мәтен – Ақсай ауылдық округінің әкімі.
Жиналыс хатшысы: С. Шырынбай – Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
Қатысқандар: Жергілікті қоғамдастық мүшелері – 12 адам.
Күн тәртібі:
Қайрат ауылындағы Школьная көшесін
Арасан көшесіне қайта атау туралы.
Тыңдалды: М.Мәтен - Ақсай ауылдық округінің әкімі: Құрметті ауыл тұрғындары! Ақсай ауылдық округінде 2 елді мекен, ол Диқан және Қайрат ауылдары. Екі ауылда жалпы 16 көше бар, 16 көшенің 15 көшесі кісі есімдерімен, 1 көше дәстүрлі атаумен аталады, ол округтің орталығы болып саналатын Қайрат ауылындағы Школьная көшесі. Бүгінгі күні Школьная көшесі идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген көшелердің санына енгізілгендіктен, «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес бүгін Ақсай ауылдық округі, Қайрат ауылындағы Школьная көшесін Арасан көшесі деп қайта атау бойынша жиналып отырмыз.
Осы мәселе бойынша жоғарыда айтылған Заң аясында ағымдағы жылдың мамыр айында Ақсай ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жиналысы өткізілетіндігі туралы аудандық газет беттеріне және аудан әкімінің ресми сайтына хабарландыру жарияланған болатын. Бүгін енді сол хабарландыру бойынша жергілікті қоғамдастық мүшелерімен жиналыс өткізіп отырмыз. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ой-пікіплеріңізді ортаға салуды сұраймын.
Сөйлеген: М.Асемов – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Школьная көшесіне беріліп отырған Арасан атауын қолдаймын. Арасан атауы Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Жер-су атаулар» тізіміне енгізілген атау. Көшелерге атау беру барысында тек кісі есімдерін беріп қана қоймай дәстүрлі және жер-су атауларын да бергеніміз дұрыс деп санаймын. Біздің басты мақсатымыз, көшелерге атау беру кезінде, сол тізімге енгізілген атауларды басшылыққа алып жұмыс жүргізу.
Н.Әбзелбеков – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген Школьная көшесіне ұсынылып отырған Арасан атауы дұрыс таңдалған атау деп санаймын, жаңа атауды мен де қолдаймын. Е.Манашев – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Өте дұрыс ұсыныс, Арасан атауын қолдаймын, өлкеміз бұлақты өлке болғанымен жер-су атауларымен бүгінгі күнге дейін көшелеріміз аталмаған екен, Арасан деген атаудың өзі бұлақ, емдеуге қолданылатын шипалы, жер асты су көздері деген мағынаны береді.
Б.Абделиев – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Школьная көшесіне жаңадан ұсынылып отырған Арасан атауын қолдаймын, бұл ұсынысты барлық ауылдық округ тұрғындары да қолдайтынына сенімдімін.
М. Мәтен - Ақсай ауылдық округінің әкімі: Құрметті жиынға қатысушылар, «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес Қайрат ауылындағы Школьная көшесін Арасан көшесі деп қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық мүшелерінің пікірін ескеру мақсатында ашық дауысқа саламыз.
Қолдағандар: 13 адам
Қарсы болғандар: жоқ
Қалыс қалғандар: жоқ
Ақсай ауылдық округінің әкімі ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Қайрат ауылының Школьная көшесін Арасан көшесі деп қайта атау туралы ұсынысы жергілікті қоғамдастық мүшелерінің дауыспен қолдау тапқандығын жариялады.
ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ:
Жиналыс төрағасы М.Мәтен
Жиналыс хатшысы С.Шырынбай