
Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан "Елтану" жобасы аясында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы Жуалы ауданының тұрғындарымен және этномәдени бірлестік мүшелерімен кездесті. Кездесу Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінде өтті.
Кездесуге облыс әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, "Қоғамдық келісім" мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, аудандық прокуратура, полиция, ардагерлер ұйымының, этномәдени орталықтардың өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.
Кездесу барысында "Елтану" жобасының негізгі мақсаты ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және жалпыазаматтық бірегейлікті қалыптастыру болып табылатыны атап өтілді. Сондай-ақ, халық арасында мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын кеңінен түсіндіру, этносаралық бейбітшілікті насихаттау мәселелері көтерілді.
Жуалы ауданында бүгінге 11 этностың, оның ішінде 4 этномәдени бірлестіктің өкілдері тұрады. Барлық этностардың өкілдері қоғамдық-саяси және мәдени өмірге белсенді қатысады.
Кездесуде спикерлер қоғамдық келісімнің, жастарды тәрбиелеудің, құқықтық мәдениеттің, заң талаптарын сақтаудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы мәселелерін қозғады.
Іс-шара соңында аудан тұрғындары "Таза Қазақстан" акциясына және қайырымдылық жобаларына белсенді қатысып жатқаны атап өтілді. Кездесу спикерлері ел бірлігі мен бейбітшілікті сақтау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.