"Жалпақтөбе” алабындағы өзекті мәселелер талқыланды

"Жалпақтөбе” алабындағы өзекті мәселелер талқыланды

“Жалпақтөбе” алқабында Жібек жолы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Атап айтқанда, №5 аумақтық округіне қарасты «Муканов» көшесіне асфальт жабындысымен автомобиль жолын салу мәселесі, “Таласская 2” көшесі бойындағы арық-канал жүйесін тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылып, бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында №5 аумақтық округіне қарасты «Бауыржан Момышұлы» көшесінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысын реттеу мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жаяу жүргіншілер жолағын салу мәселесі де көтерілді.
Бұдан бөлек, «Абай» көшесіне асфальт жабындысымен автомобиль жолын салу мәселесі қарастырылып, тұрғындар тарапынан көтерілген интернет желісінің сапасын жақсарту және байланыс мәселесін шешу жөніндегі ұсыныстар назарға алынды.