
Жібек жолы ауданы аумағында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, тазалық пен абаттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Іс-шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпорын ұжымдары, еріктілер мен тұрғындар белсенді түрде қатысты. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, қоқыстар шығарылды, ағаштар әктеліп, жасыл желектер ретке келтірілді. Сонымен қатар, аулалар мен саябақтарда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған шара қаланың көркін арттырумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және ортақ жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Тазалық – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға және осындай игі бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз.